Еңбек, кәсіп, нәтиже: өмірін еңбекпен өрген жандар
Еңбек пен кәсіп – егіз ұғым. Адал еңбек, табанды кәсіп нәтиже бермей қоймайды. BAQ.KZ тілшісі Жамбыл жеріндегі қызықты әрі қиындығы бар ерекше мамандық иелерінің тіршілігімен танысып қайтты.
Жылыжай өндірісі – заман талабы
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы аймақтағы жылыжай өндірісін жеделдетіп қолға алған, ауыл шаруашылығы саласындағы халық сұранысын сұранысын алдыңғы қатарда орындап келе жатқан бірден-бір өңір. Алып, аумағы ат шаптырым жылыжай кешендерінен бөлек, шағын ауласын абаттандырып, құлпынай пен бүлдірген, қияр мен қызанақ өсіріп отырған шаруалар бар. Соның бірі – Ақбастау ауылдық округі, Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Данияр Атишбеков.
Халықты жыл он екі ай көкөніс және ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету – мемлекеттің агроөнеркәсіп саласындағы басым бағыттың бірі. Халықтың үзбей тұтынатын негізгі азық-түлік қорының да басым бөлігін – жеміс-жидек, көкөніс өнімдері құрайды.
Жазы ыстық болғанмен, қысы жайлы Жамбыл өңірінде жеміс-жидек пен көкөністің сан түрі, сорты өсіріледі. Аймақ қоңыржай климатына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруден кенде емес. Дегенмен, ала жаздай еткен еңбегін қара күзде бір жинап алған соң арадағы алты ай қыс-көктемде балғын жеміс пен көкөніске үзіліс болып қалатыны жасырын емес. Осы орайда замана талабына сәйкес егін баптап, қырман салған дихандар да бүгінгі технологияларды тиімді пайдаланып, жылыжай өндірісін қолға алды.
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы аймақтағы жылыжай өндірісін жеделдетіп қолға алған, ауыл шаруашылығы саласындағы халық сұранысын сұранысын алдыңғы қатарда орындап келе жатқан бірден-бір өңір. Алып, аумағы ат шаптырым жылыжай кешендерінен бөлек, шағын ауласын абаттандырып, құлпынай пен бүлдірген, қияр мен қызанақ өсіріп отырған шаруалар бар. Соның бірі – Ақбастау ауылдық округі, Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Данияр Атишбеков.
Ауладағы жылыжай – жанның рахаты
Данияр Атишбеков осы ауылдың еңбекпен есейіп келе жатқан төл перзенті. Еңбектің түрлі саласында өзін байқап көрген Данияр көптен ойға алған жобасын тәуекел етіп, іске асыруға бел шеше кіріседі. Шағын болса да, шаруаның шашауын шығармай атқарғанды жөн көріп, әрбір тиынына дейін есеппен, үлкен жауапкершілікпен жұмсап, алдымен өз ауласына жылыжай салып бастаған.
Қолдан келетін шаруаға айналып, істің көзін таба бастаған уақытта жергілікті әкімдіктің айтып жүрген «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 3,2 миллион теңге жеңілдетілген несие алады. Сөйтіп, ауласындағы жаңа жылыжайды іске қосып, кәсібін кеңейткеніне бір, жұмысының жедел жүріп кетуіне екі қуанып ары қарай жоспармен тіршілік тегершігін айналдыра түседі.
Данияр Атишбеков жылыжайды ат шаптырым аумаққа салмай-ақ алақандай ауладан бастаған шағын кәсіпкер, тыңнан кәсіп бастаған ауыл тұрғыны. Бүгінде 50 шаршы метрді құрайтын жылыжайда қызанақ пен қияр өсіріп, тіпті алғашқы өнімдері «қазан» («қазан» бола бастау – таусылып біту – ред.) бола бастады.
Кәсіп иесі ең алғашқы өнімін алғанда жақын-жуығына, ағайын-айналасына ауыз тигізіп, ізеттілік танытты. Кейіннен түсімі тәуір болып, тұрақтылық бола бастаған тұста әуелі ауыл тұрғындарын көкөніспен қамтамасыз етуді мақсат етіп, ауыл ішіндегі дүкендерге жеткізді. Осылайша, бірлесуеңбектіктер жергілікті, аулада піскен қияр мен қызанақты тұтына бастады. Сонымен қатар, өскен, өнген өлкеден шыққан көкөністер дәмі басқадан гөрі бал татып тұрғандай күй кешкендіктерін жасырмады.
Ауыл тұрғындарын көкөніспен қамтамасыз ете жүріп, ары қарай бұл бағытты жандандырғысы келіп, түрлі қаражат көздерін іздей бастайды. Жылыжай жобасының тиімділігін көрген соң, Даниярдың ұлы да кәсіпке қызығушылық танытып, әке жанына серік болуға бел буған. Осылайша әкелі-балалы екеуі береке бастауы – бірлік пен тындырымды тірлік екенін ұғынып, биыл да істі дөңгеленту үшін жаңа жоба, жедел әрі оңай бағытына қарай ойыса бастады. Дегенмен, қай істе де нәтиже түбі – жоспардың нақтылығы, кәсіптің сауатты басқарылуы, бұлардан бөлек тынымсыз еңбек, табанды тірлік деп баса айтады шаруа иесі.
Бүгінде еңбегінің аз да болса жемісін жеп бастаған кәсіптің көзін тапқан азаматтың ұлы да жеңілдетілген несие жобасына қатысып, жобаға қатысып, ауласында аумағы үлкен екінші жылыжайдың құрылысын бастап кеткен.
Барлық нәтиже – еңбекпен келеді деген қарапайым шаруа иесі елден үйрендім деп ағынан жарылды.
Ел істеп жатқан дүние ғой. Солардан көріп, біліп, сұрастыра жүріп, өзім де көрейінші деп талай уақыттан бері ойда жүрген жоба болатын. Адамның істегенін адам істейді ғой. Тек ниет пен талмай ізденіс керек. Бір жаманы, біз басталмай жатып қорқамыз ғой барлық істен. Еңбек еткен соң, шығыны да, пайдасы да болады. Алма-кезек дүние. Бір дегеннен алма піс, аузыма түс деген дұрыс емес. Оңай еңбек емес, әрине. Күнделікті бір адам жүру керек, суын, температурасын, гүлдегенін, өсімін бақылап, күнделікті қадағалаумен жүретін бір адам болуы керек. Кішкене бала сынды ғой, әрбірі өскені, гүлі, түйіні, жемісі – көз алдыңда, қарап, артық-кемін бақылауда ұстап отырасың. Мемлкет жұмыс істеймін деген адамды далада қалдырып жатқан жоқ қой, қазір дамып келе жатыр барлығы. Заман талабы, сұранысы басқа. Осы көкөністер сырттан – шетелден де келеді ғой. Көрші елдің жемісі базарда тола. Дегенмен халық та белгілі деңгейде көз алдында қол еңбегі мен ой еңбегі сіңген ауылдың өз (местный) жемісін, өнімін тұтынғанды дұрыс көреді. Осындай елдің қазіргі сұранысын зерделей жүріп, жеті рет ойлап, бір рет кескен кәсіп болған соң барыңды саласың ғой. Алдағы уақытта шама келгенше кеңейтіп, ұлдарға да, барлық тұрғындарға жеке кәсіптің пайдалы екендігін ұғындыра түсемін деген ойдамын, – дейді жаңа кәсіп бастаған шаруа Данияр Атишбеков.
ЕҢБЕК АДАМЫ: Балық баққанға да, сатқанға да бітеді
Жер бетінде қанша адам болса, сонша адамға кәсіп те бар, сонша кәсіп түрі де бар. Бұл заман екшеген аксиома. Ал енді балық өсіруші мамандық иесі де осы сөзіміздің дәлелі. Жамбылда жұртқа таңсық тағы бір мамандық иесі – балық өсіруші Нұрлан Молдабеков.
Нұрлан Молдабеков 1980 жылы Астрахань техникалық балық шаруашылығы институтын бітірген. Яғни, кәсіби ихтиолог маман. Алғашқы еңбек жолын Мұйнақ тоған шаруашылығында балық өсірушіден бастаған жан. Мамандыққа адалдық ұстанымын ұстанған Нұрлан жылдар өте балық шаруашылығы саласындағы тынымсыз тірлігі мен іскерлігі, қабілет-қарымының арқасында басшылық қызметке көтеріліп, жауапкершілік жүгін мойнымен көтере білді.
Балық емес, бақыр бастың қамын күйттеген заманның қиын-қыстау өтпелі тұсында да балық өсіру жұмысынан қол үзбей, үнемі ізденіс үстінде жүрген жан бүгінде Жамбыл ауданы Гродиково ауылдық округінде орналасқан «Акрам» шаруа қожалығының иесі.
Мен балық өсіруге басқа жақтан топ ете қалған жоқпын. «Әке көрген оқ жонар» дейді ғой қазақ. Әкем осы салада жылдар бойы еңбек етті. Алдымызда үлгі боп, жөн көрсетті. Тіпті атамыз да балық өсіруді кәсіп еткен. Ата-баба жолын жалғап, көзімізді ашқаннан бері көрген кәсіпті біз де меңгердік. Қазір қарамағымызда балық өсіруді меңгеру жолында еңбек етіп келе жатқан 18 адам жұмыс істейді. Бүгінде шаруашылықтың көлемі 71 гектар. Оның ішінде жеке-жеке категорияға бөлінеді. 2 сотық, 1 сотық, жарты сотық дегендей... Шаруашылықтың өнімдарлығы шамамен төрт миллионға дейін мүмкін. Қазірдің өзінде бір миллион , тіпті екі милионға жуық шабақ өсіріп отырмыз. Карп сазанын, ақ балық және ақалмұрт өсіреміз. Уылдырықтан шыққане соң он бес күннен аса бағамыз бөлекбөлек ұстап. Кейіннен жайлап нормативке көшкен соң соған сай әр тоғанға сай саламыз, - дейді балық өсіруші Нұрлан.
Иә, кез келген кәсіпті ұстаған жанның уақыт өте келе арманы – қолынан тірлігін алып, ізін жалғай алатын шәкірт тәрбиелеу. Әйтпесе, білгенін бөліспеу – ұлағатты ұстазға сын. Осыны жете түсінген ижтиолог Нұрлан келешек жастардың қолында деп қадап айтты.
Енді алдағы жоспар – шәкірт даярлау. Біздер енді жасымыз келіп қалды, алпыстан асып барамыз ғой. Келешекте балық өсіруге қызығушылығы бар осы аймақта кәсіпке қызығушылығы бар бір-екі шәкірт даярласам ба деген ойым бар, - дейді кәсіби маман Нұрлан Молдабеков.
Балық өсіруші деген күнделікті тірлікте көп кездесе бермейтін қызық мамандық. Заманның озып, технология қарыштап, ғылым мен өнер жаңалықтары алға шыққан кезеңде балық шаруашылығының дамуына байланысты да балық өсіруші мамандар сұранысқа аса қажет боп келеді. Ал осы салада ең әуелі қызығушылықпен келіп, бақандай 48 жылын арнаған Нұрлан Молдабеков балық өсіру үшін асқан шыдамдылық пен мұқияттылық қажет екендігін айтты.
Балық шаруашылығы – табанды еңбек пен тәжірибені, тынымсыз бақылауды талап ететін күрделі кәсіп түрі. Жаңа туған сәбиге көрсетілер қамқорлық бұл салаға да өте керек. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз өзінің қызығушылығы мен ісіне деген сүйіспеншілігімен, еңбекқорлығымен барша елге, ұрпаққа үлгі болып келеді. Нұрлан жылдар бойы осы салада табанды жұмыс істеп, балық шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Құс өсірушінің қиын да қызықты жұмысы
Бахтияр Алиев бала кезінен басиап ауыл шаруашылығы саласына қызығушылығы бар бала болған. Көзін ашып, көңілге түйген жұмысы – ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында болған соң, ойланбастан осы кәсіптің керегесін кеңейтуді қолған алған.
Бүгінде егін егіп, төрт түлік бағып, берекесін еңбектен тапқан азамат ұзақ ізденіс пен зерделеу жұмысынан кейін құс шаруашылығын қолға алып, тәуекел етті. Ең алғаш инкубаторлық жолмен тауық, бөдене жұмыртқаларынан балапан шығарып көріп, тәжірибе жинақтады. Келе-келе түрлі құс өсіруге қызығушылық танытып, онһың соңы түйеқұс өсіруге әкелді. Бахтияр Алиевтің айтуынша, түйеқұс аса күтімді қажет етпейді. Солай бола тұра, еті құнарлы, жұмыртқасы бағалы, тіпті оның қауырсыны да кейбір дертке дауа болады дейді.
Бахтияр Алиевтің алға қойған мақсаты көп. Құс өсірудің қызығын көріп келе жатқан ол алдағы уақытта құстың санын көбейтіп, кәсібінің де өрісін ұзартуды жоспарлап отыр. Дәл қазір ойға алған мақсатына жетуі үшін күндіз-түні тынбай еңбек етіп келеді.
Заманның көшінен қалмай, екі қолға бір күрек емес, бірнеше кәсіп ұстаған еңбек адамы табан ақы, маңдай терімен еңбектің көрігін қыздырып келеді. Өзі ғана емес, айнала жұрты – ауылдастарына үлгі болып, еңбектің наны әлдеқайда тәтті екендігін тірлікпен дәлелдеуде. Ол құс өсрі жұмысымен қатар, шамалы уақыттан соң балық шаруашылығы саласына да бет бұрмақшы.
Түйеқұстың еті өте пайдалы, құрамында холестерин аз. Зтіпті ет жемесйтін адамдар да қазір жиі тұтынады. Бұл құс та жетпіс бес жасқа дейін өмір сүреді. Түйеқұс аса жер, тамақ талғамайтын құс түрі. Кез келген жем түрін, көкөніс барлығын талғажау ете береді. Ең алған досыммен бірге барған шаруашылықтан көріп, жұмыртқасын алып, инкубаторға салып шығардым. Әлі біздің Таразда түйеқұс өсіру онша дами қоймады. Алдағы уақытта осы саланы дамытқым келеді, - дейді кәсіп иесі Бахтияр Алиев.