Еңбек инспекциясына 830 шағым түскен
Жыл басынан бері Түркістан облысы еңбек инспекциясы басқармасына азаматтардан 830 шағым келіп түсіп, олардың барлығына заң бойынша белгіленген уақыт аралығында жауаптар берілді, деп хабарлайды осы аймақтың BAQ.KZ тілшісі.
Аталған басқармаға өткен 2021 жылы тұрғындардан 743 шағым келіп түскен. Еңбек инспекциясы арыздарға байланысты кәсіпорындарға және мекемелерге 208 тексеріс жүргізіп, 252 құқық бұзушылықты анықтады, 215-і қанағаттандырылды, ал қалғандары орындалу үстінде.
Брифингте аймақтың еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Берік Ибадуллаев жыл басынан бері тоғыз айдың ішінде қанша еңбек заңы бұзылғанын және 66 айыппұл салынғанын атап өтті. Айыппұлдың көлемі 5,6 миллион теңгені құрап, олардың бәрі де толығымен өндірілген.
Осы жылы Түркістан өңірінде екі еңбек жанжалы орын алып, барлығы заң жолымен шешілді. Нақтырақ айтсақ, «Волковгеология» АҚ 1420 жұмыскердің айлығын 20 пайызға көтерсе, «Ақ-Жол» ЖШС 752 жұмысшының 232,4 миллион теңге жалақысын толығымен төлеп берді. Бұдан бөлек, ірі кәсіпорындарға бардық, ұжымда туындайтын әлеуметтік шиеленіспен қатар еңбек жанжалдарының алдын алу мәселелері жөнінде, сондай-ақ оларға жол бермеу мақсатында төрт кеңейтілген кеңес өткіздік, - деді Берік Серікбайұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, еңбек жанжалдарын алдын ала анықтау мақсатында бес ірі кәсіпорында профилактикалық бақылау жүргізген. Тексеру нәтижесінде жұмыскерлерге жалақыларын уақытылы төлегені, жұмыс орындарын қысқарту, қазақстандық жұмыскерлермен шетелдік азаматтарға жалақы төлеуде кемсітушілік фактілері орын алмағандығы белгілі болды.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Оңтүстік Тау-Химиялық Комбинат БК» ЖШС, «АППАҚ» ЖШС, «КазАтомПром-Сауран» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Қазақстан-Франциялық біріккен кәсіпорын «Катко» ЖШС кәсіпорындары бар.
Бұдан бөлек, облыста әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш жақты комиссиялардың жұмысы күшейтілді. Сонымен қатар, еңбек дауы көп туындау тәуекелі бар 25 кәсіпорын анықталды. Осыған байланысты, Түркістан облыстық кәсіптік одақтар бірлестігімен бірлескен кесте бекітіліп, еңбек заңнамасының сақталуы туралы түсіндірме және мониторинг жұмыстарын өткізді.
Қаңтар айынан бастап төрт кәсіпорында 1258 жұмыскерге 324,7 миллион теңге көлемінде жалақыларын уақтылы алмағаны белгілі болды. Жоғарыда аталған мекемелерге 647,5 мың теңге әкімшілік айыппұлдар салынып, өндірілді. Жалпы, күнгейдегі кәсіпорындарда қыркүйек айына дейін 35 жазатайым оқиға орын алды. Салдарынан 36 адам зардап шекті, үш адам қайтыс болды, - деді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы.
Қазіргі кезде Түркістан қаласында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Осыған орай, жиында мемлекеттік еңбек инспекторлары рухани қалада құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан 27 мердігер құрылыс компаниясына еңбек заңнамасы мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырды.