«Еңбек етуден жалықпау керек»: Ұстаз жастарға үндеу жасады
Ұстаз марапаттың өзіне жаңа міндет жүктегенін айтып, жас мамандарды үздіксіз ізденуге шақырды.
29 жылын білім саласына арнаған ұстаз үшін бүгінгі күннің мәні ерекше. Шығыс Қазақстан облысындағы Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия-интернаттың мұғалімі Меруерт Мұқашева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік марапат алды. Ұстаз марапаттан кейінгі әсерін айтып, заманауи білім, оқу мәдениеті және жасанды интеллект туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін ұстаздар қауымы үшін де, өз басым үшін де ерекше күн. Президенттің қолынан мемлекеттік марапатты алу деген біздің еңбегіміздің жемісі ақталып жатқаны үшін қуанамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестік. Ол кісінің алдында тұрып сөз сөйлеудің өзі үлкен бақыт. Ұстаздардың еңбегін бағалап, марапаттап жатқан Президентімізге, білім жүйесіндегі әрбір қызметкерге алғыс айтамын, – деді Меруерт Мұқашева.
Оның айтуынша, педагогика саласында еңбек етіп жүргеніне 29 жыл болған. Осы уақыт ішінде ұстаз өзінің негізгі ұстанымын қалыптастырған.
Педагогика саласында жүргеніме 29 жыл болды. Сол жылдардағы өзімнің негізгі ұстанымым – ұстазым Қанипа Омарғалиқызы айтқандай, теория мен тәжірибені қатар ұстап жүремін. Тек қана білім беріп қана қоймай, шығармашылықпен, ғылыми ізденіспен айналысып, шәкірттеріме де дарытуға мақсат етемін, – деді ол.
Меруерт Мұқашева әр заманның өз буыны мен өз талабы болатынын айтып, педагогтің де заман ағымына қарай үнемі ізденуі керек екенін атап өтті.
Әр заманның өзінің буыны, толқыны болады. Біз алғаш еңбек жолымызды бастағанда біз де жас маман болдық. Оқушылармен бірге кәсіби өстік. Сол 29 жылдық еңбек жолымда, педагогикалық кәсіби алаңда қазіргі замандағы дамуды байқап отырмын. Сондықтан біз – педагогтер бір орында тоқтап қалмауымыз керек, – деді ұстаз.
Ол бүгінгі білім беру үдерісінде жаңа технологиялар мен жасанды интеллектінің маңызы артқанымен, оқу мәдениетін де назардан тыс қалдырмау қажет екенін айтты.
“Заманына қарай адамы” деп жаңа технология, цифрлық технология, жасанды интеллект десек те, біз қайта айналып оқу мәдениетіне келудеміз. Оқушының оқырмандық қабілетін дамыта отырып, заманауи тұлғаны қоса алып жүргеніміз абзал», – деді Меруерт Мұқашева.
Ұстаз кәсіби жолын енді бастап келе жатқан әріптестеріне де өз кеңесін берді.
Сол үшін кәсіби еңбек жолын жаңа бастап жатқан ұстаздарға “Еңбек етсең, емерсің” дегенді еске сала отырып, еңбек етуден жалықпай, ізденуге шақырамын, – деді ол.
Меруерт Мұқашева мемлекеттік марапаттың өзіне жаңа міндет жүктегенін атап өтті.
Еңбек, оқу мәдениеті, жастарды тәрбиелеу, білім саласындағы заманауи үлгі туралы айтылып жатыр. Біз бұл жерде тек марапатталып қана қоймай, өз басым жауапкершілікті артып қайтып барамын. Екіншіден, шабыт сыйлады. Бұл төсбелгімен тоқтамаймыз. Әлі талай еліне пайдасы тиетін жастарды тәрбиелеуміз деп үміттенемін, – деді ұстаз.