Еңбек ер атандырады

Еңбек адамы әрдайым құрметке лайық. Оның орны үнемі төрде болады. BAQ.KZ тілшісі ауылда тұрып-ақ мың сан шәкірт шыңдап, айтулы спорт шеберлерін шығарып жүрген қазақ күресінен елге белгілі бапкер Пернебек Дубаевтың ерлікке пара-пар еңбегін насихаттайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн, – деді.

«Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бекерден-бекер айтылмаса керек. Еңбектің бейнеті ауыр болғанымен, жетістігі жан жадыратып, көңіл марқайтады. Еңбек адамы ол мыңның ішінен таңдалып, талғап алған тұлға емес. Еңбек адамы қоғамда, көппен бірге жұмыс істеп, адал бейнеттеніп жүрген жандар. Әрине, оны күнделікті күйбең тірлікпен байқай бермесіміз мәлім ба? Сіз бен біздің жанымызда еңбек адамдары өте көп-ақ. Солардың бірі Жамбыл ауданы Өрнек ауылының тұрыны Пернебек Дубаев. Оны бұл ауылда білмейтін адам кемде-кем. Осы ауылда туып-өсіп, Отан алдындағы борышын өтеп, өз кіндік қаны тамған жерге алғашқы еңбек жолын бастайды. Ол кезде 1985 жылы еді. Нағыз жалындап-жанып тұрған шақта қала демей, ауылға маман болып келіп, шағын мекенде спорт кешені болмаса да балаларды спортқа баулыды. Бір орында тапжылмай 40 жыл еңбек еткен ол – қазақ күресінен жаттықтырушы.

40 жыл еңбек өтілімде Өрнек ауылынан 5 спорт шеберін шығардым. Атап айтатын болсам, Самат Қосаев деген оқушым қазақ күресінен мықты майталман болып шықты. Жамбыл облысының түйе палуаны атағын алып, ауылдағы ағайынды бір марқайтқаны бар. Одан соң Әзиз Айнабеков атты оқушым да облыста түйе палуан атағын алып, менің қуанышымды еселей түскені бар. Сондай-ақ Жазылбек Қуанышбаев атындағы халықаралық турнирінде палуан болып, автокөлік ұтты. Осындай мақтанышымның бірі Жасұлан Әбішов қазақ күресінен брнеше доданың жүлдегері атанып, Азияның күміс жүлдесін жеңіп алды. Белбеу күресінен Қазақстанның 9 дүркін жеңімпазы, үш рет әлемнің қола жүлдесін алғанын да атап өткім келеді. Ал Ардақ Құлжанов деген оқушым – әлем чемпионы, Азияның екі дүркін жеңімпазы болып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды, – дейді бапкер Пернебек Дубаев.

Пернебек Дубаевтың жетістігінің еселенуіне ең маңызды жолы – өз мамандағына деген ерекше сүйіспеншілігі. Кәсіби бапкерлік пен кез келген жұмыстағы әрбір істі мұқият, тиянақтылықпен, жанашырлықпен атқаратын ел азаматы бүгінде ауылдың ақыл айтар қария жасына келді. Зейнет жасына шамалы ғана уақыт қалса да, әр тәуліктің басым бөлігін спорт мектебінде өткізеді.

Ондағы бар ойым, ауылдан Олимпиада чемпионын шығару. Спорт адамды тәрбиелейді, өмірде дұрыс жолмен жүруге баулиды. Ауылдың, елдің әр баласы саналы, сапалы өмір сүрсе, азаматтық, адамдық борышымның өтелгені деп білемін, – дейді ол.

Бұл мақсатқа жетуге негіз бар, мемлекет барлық балалардың толыққанды спортпен шұғылдануына жағдай жасап отырғанын мақтанышпен жеткізді.

Айта кету керек, биыл Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Өрнек ауылында 200 балаға шақталған жаңа спорт кешені ашылды. Екі қабатты ғимаратта ауыл балалары спорттың сегіз түрімен айналыса алады. Соңғы, заманауи жабдықтармен қамтылған спорт мектебі қазір ауыл балаларының ат байлайтын орталығына айналған. Ауыл тұрғындарының қуанышын еселей түскен мекемені ағымдағы жылдың жаз айында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өзі лентасын қиып, сәттілік тілеген еді.

Аллаға шүкір, мемлекеттің қолдауының арқасында, бұқаралық спортың кең қанат жаюына көңіл бөлуінің негізінде осындай мүмкіндікке ие болдық. Осы кешен ашылмай тұрып та балаларға үнемі айтатынмын. Спорт мүмкіндік те жас та талғамайды деп. Мектеп ғимаратының ішінде де жарысқа дайындалып, үздіктерді шығардық. Енді жетістікті арттыра түсуіміз керек. Өйткені, бізге осындай мекемені бере отырып, үлкен жүк артылғаны мәлім. Әрине, жұмыс істеген 40 жылымда алдыма мыңдаған бала келді. Біреуі алып кетеді, біреуі жолдан қалып кетеді. Шындығында келгенде, мықты спортшы жүз адамның бірінен шығады. Бірақ, менің ойымша, барлығы спортшы болуы міндет емес. Ең бастысы, бұл өмірде жақсы адам болу, ауылдың, ата-ананың атына кір келтірмеу. Сондықтан да алдыма келген әр балаға тәрбие беруге барымды беремін. Өйткені, «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» екені мәлім.

Еңбек адамы үнемі игі істердің басы-қасында жүреді. Ауылдағы ізгілікті бастамалардың іске асуына сеп болып, ағалық ақылы, ақсақал сөзін айтып, ардагер ретінде де өте сыйлы жан. Осындай елге жөн айта білген азаматтардың арқасында ауылда ындырымды тірлік, толайым жетістік те көп. Ауылға ауызсу тартылған, табиғи отын кіргізілген. Халықтың қажеттілігіне орай білім беру мекемесі соңғы талапқа сай жабдықталған. Өткен жылы жаңа амбулатория, Мәдениет үйі ашылды. Атымтай жомарт жандардың қолдауымен имандылық үйі есігін айқара ашты. "Елге, туған жерге қызмет еткеннен артық бақыт бар ма?!" деп толғанды бүгінгі кейіпкеріміз.

Көп жастар ауылдан кетіп, қалаға барады. Тереңіне барсаң, түбіне үңілсең, ауыл деген – нағыз байлықтың көзі, береке-бірліктің ордасы. Мен жастарға айтамын, егін ек, төрт түлік мал бақ, ниет еткен адамның екі қолына бір күрек табылады. Нәпақа табу үшін міндетті түрде ауылдан кетіп, үлкен қалада тұру шарт емес. Ең бастысы, адамда таза ниет, өз еліңе деген адалдық болса, барлығының қайтарымы бар екеніне сенемін, – дейді Пернебек Дубаев.

«Еңбек адамды ер атандырады». Өмірлік ұстанымы осындай терең мағыналы сөзге негізделген спортшының отбасы да ауылда өзгелерге үлгі. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Өзінің ұл-қызына ғана емес, ауылдың барша баласына өмірлік өнегесі мен ақылын айтып отыратын ұстаз ерте бастан еңбекке араласты. Қазір елге сыйлы, жетістігі жетерлік жан. Бұл сөз өзінің емес, ауылдастарының айтқан пікірі. Өзі де халық арасында еңбекті дәріптеп отырады.

Қандай жолда жүрсең де ерінбек еңбек етсең, жетістігі мол болар, - дейді ардагер бапкер.

Ауыл спортшысы жеткен белес пен өмірлік өнегесі расыменде өзгеге үлгі боларлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай азаматтарды насихаттау, елге үлгі ету әрбір қазақстандықтың адамдық борышы, өскелең ұрпаққа қалдырар ізгі жолы болуы тиіс деген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы