Министр бизнесін сәтті бастаған "Еңбек" бағдарламасының қатысушыларын құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларымен кездесті.
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, сондай-ақ министр қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік оңалту орталығы мен жұмыспен қамту орталығында болды. Кездесулер барысында Біржан Нұрымбетов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, жұмыссыздар мен мүгедектігі бар азаматтарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Біржан Нұрымбетов Павлодарға келгеннен кейін бірден "Ардагерлер үйі" қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік оңалту орталығына келді. Ұйымның жұмыскерлерімен және мүгедектігі бар адамдармен әңгімелесу барысында министр мүгедектігі бар азаматтарға қамқор болу әрқашан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысындағы басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
Оңалту қызметтері – мүгедектердің қоғам өміріне толыққанды қатысуының қажетті құрамдас бөлігі. Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту, қызметтер мен оңалту объектілерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады. Бұл техникалық оңалту құралдарын және арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынудың бизнес-процестерінің уақытын оларды проактивті форматта тағайындау арқылы 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқартады. Портал сонымен қатар оңалту қызметтері мен құралдарының алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу мәселелерін шешеді, өйткені мүгедектер тауарлар мен қызметтердің қажетті түрін өз бетінше таңдай алады, - деді Біржан Нұрымбетов.
Жұмыс сапары барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мемлекет тарапынан қаржылай көмек алып, өз ісін белсенді дамыта бастаған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларына ерекше назар аударды.
Биыл бүкіл елде микрокредит беруге 83 млрд теңге және гранттар үшін 18 млрд теңге бөлінді. Біздің бағалауымыз бойынша 20 мың адам микрокредит алуы керек, ал біз 38 мың адамға грант бергіміз келеді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы барлық өңірлерде іске асырылуда, бірақ мен Павлодар облысы гранттар мен микрокредиттер беру бойынша алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі болып саналатынын атап өткім келеді. Мұнда жылдық жоспар орындалды. Бұл тиісті қызметтер түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізілгенін, адамдар бұл құралдар туралы хабардар болып, өз бизнестерін дамытады дегенді білдіреді. Бұл халық кірісінің өсуіне әкелуі керек, - деді Біржан Нұрымбетов.
"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушыларымен кездескен министр бүгінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту құралдарын қолданудың оң әсері байқалғанын атап өтті.
Павлодар маңындағы ауылдардың бірінде "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланудың жақсы үлгісі бар. Бүгін мен шамамен 5 млн теңге микрокредитке 9 сиыр сатып алып, қазір бизнесін кеңейтіп жатқан жеке кәсіпкермен сөйлестім, ол жер сатып алғысы келеді. Ол жұмысшыларды жалдауды жоспарлап отыр, олар оның тұрақты табысы жоқ ауылдастары болады. Бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысушының өз ісін дамытып, басқаларға жұмыс ұсынуының жарқын мысалы. Мен жұмыссыздарды мемлекет беретін мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Әр адам бизнес бастай алады, - деді ол.
Павлодардағы жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері Біржан Нұрымбетовке "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының барлық бағыттарының орындалу барысы туралы хабарлады. Олардың ақпараты бойынша, үстіміздегі жылдың 10 айында жұмыспен қамтуды ынталандыру шараларымен 10 179 азамат қамтылды, оның ішінде 6685 адам тұрақты жұмыс орындарына, 337 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 290 жас азамат жастар практикасы және 656 жұмыссыз адам қоғамдық жұмысқа жіберілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаның 1925 қатысушысы оқуға жіберілді, оның ішінде 358 адам ТжКБ-да, 1195 адам қысқа мерзімді курстарда, 372 адам "Бизнес Бастау" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқиы.
354,1 млн теңге сомасына 34 шағын несие және 183 грант берілді. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағдарламасы бойынша қалаға 34 оралман және Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен отбасы келді.
Өз кезегінде министр Жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің назарын ҚР президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған көпбалалы және табысы аз отбасыларды кәсіпкерлікке тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға аударды.
Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік аспектілерге – ең алдымен көпбалалы және табысы аз отбасыларға отбасылық бизнес ашуға баса назар аудара отырып, бизнесті қолдаудың жаңа нысандарын белсенді түрде енгізу қажеттілігін белгілеп өтті. Сондықтан жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері осы отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін нәтижелі жұмысқа тартуға ерекше назар аударуы керек, ол үшін гранттар мен микрокредиттер беруді қарастыратын "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының құралдарын белсенді пайдалану қажет, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Біржан Нұрымбетов ҚР президентінің Қазақстан халқына Жолдауын Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында түсіндірді.