Еңбек адамының мәртебесін арттыру керек – депутат

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін ынталандыру шаралары керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» тақырыбында Үкімет сағаты өтіп жатыр.

Депутат Еспаеваның сөзінше, еңбек нарығын тиімді басқару нақты экономикалық дамуға қол жеткізуге және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға негізгі рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кадрлық әлеуетті арттыру мәселелерінде бірқатар басым бағытты белгілеп, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып бекітілді. Сарапшылардың ойынша, бүгінгі таңда кәсіптік-техникалық білім бар мамандықтарға деген сұраныс жоғары білікті түлектерге деген қажеттіліктен 70%-ға артық. Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы мамандықтың беделін арттыру қажет. Сонымен қатар еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін ынталандыру шаралары керек, - деді депутат.

Сондай-ақ Дания Еспаева экономикамызды білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары қайта қарастырып, экономиканың нақты секторларымен байланысын күшейту қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы