"Еңбегіміз еленді" – СҚО механизаторын Президент марапаттады

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар табыстады. Елдің басты сахнасына көтерілгендердің қатарында Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының «Мәмбетов және К» серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұманов та бар. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл – Қазақстан Республикасындағы ең жоғары марапаттардың бірі. Мұрат Қаражұманов марапаттан кейін өз әсерімен BAQ.KZ тілшісімен бөлісті.

Бұл, әрине, еңбектің жемісі ғой. Мен міне, қырық бес жылдан бері жұмыс істеп келемін. Әкем де, атам да – бәрі ауыл шаруашылығында еңбек еткен адамдар. Мен де жастайымнан осы жолды таңдадым. Қазір балаларым, бауырларым, туыстарым – бәріміз осы шаруашылықта бірге жұмыс істейміз. Біздің еңбегіміз еленіп, Ақордада бағаланды. Президенттің Жарлығымен маған «Еңбек Ері» атағы берілді. Еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын.

Қазақстанымыз гүлдене берсін. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын. Осындай тыныш заманда өмір сүріп жатқанымызға шүкір, – деді Мұрат Қаражұманов марапаттау рәсімінен кейін әсерімен бөлісіп.

Оның айтуынша, технология дамып, жұмыс барынша автоматтандырылғанымен, оның мамандығының мәні сол қалпында – адал еңбек пен күнделікті маңдай тер.

Қазір технология мен техниканың заманы ғой. Барлық жерде жаңа әдістер мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. Біз де қазір жаңа техникалармен жұмыс істейміз. Бұрын бәрі басқаша еді, техника да қарапайым болатын. Ал қазір – прогресс заманы. Бірақ соған қарамастан, бұрынғыдай таң атқаннан күн батқанға дейін еңбектенеміз, маңдай терімізді төгеміз. Бәрі – еңбектің арқасы, – дейді механизатор.

Ол сондай-ақ қиын жылдарды да жылы жүзбен еске алады. Сол кезде табиғаттың қатал жағдайына да, техниканың тапшылығына да төтеп беруге тура келген.

Бұл мен жастайымнан таңдаған, әкемнен үйренген мамандық. Бір сәтке де өкінген емеспін. Бірақ жеңіл жұмыс болмайды ғой. Суыққа да, ыстыққа да төзе білу керек. Сонда ғана еңбектің нәтижесін көресің, – деп атап өтті Қаражұманов.

Ғасырға жалғасқан еңбек әулеті

Мұрат Қаражұманов 1964 жылдың 11 қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының Бексейіт ауылында дүниеге келген.

Ол – ауыл шаруашылығына өмірін арнаған көп буынды еңбек әулетінің лайықты өкілі.

Бұл әулеттің 30-дан астам мүшесі өз еңбегін осы салаға арнаған.

Қаражұмановтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады.

Бұл – өз ісіне адалдық пен ұрпақ сабақтастығының айрықша үлгісі.

Әулеттің шежіресі 1906 жылы туған Қуат Қаражұмановтан басталады. Оның ұлдары – Ермек, Кеңес және Марат әке жолын жалғастырған. Бүгінде бұл әулеттің төртінші буыны да өңір игілігі үшін еңбек етіп келеді.

Немерелері – Мұрат, Сәкен, Қалкен, Қайсар, Оралбай, Амантай және Мақсат Солтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан.

Мұрат Кеңесұлы 1981 жылы Интернационал еңбек кәсіптік-техникалық училищесін (СПТУ-69) бітіріп, үшінші разрядты трактор-машинист мамандығын алған.

Содан бері туған шаруашылығынан ажырамаған ол 30 жылдан астам уақыт бойы К-700 тракторын тізгіндеп, әр көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім науқандарының бел ортасында жүр.

Мұрат Қаражұманов – өз ісінің шебері ғана емес, сонымен бірге жас механизаторларға тәлім беріп, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу мен күтудің қыр-сырын үйретіп жүрген тәжірибелі ұстаз.

Әсіресе ол силосты үйіп сақтау (бұрттау) ісіндегі шеберлігімен танылған. Бұл салада оған тең келетін маман өңірде сирек.

Қазақстанның Еңбек Ері» атағын Мұрат Қаражұманов жеке жетістік деп емес, отбасының және ауыл еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп қабылдайды. Оның өмір жолы – туған жерге деген құрметтің, ұрпақтар сабақтастығы мен шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

Біздің әкелеріміз бен аталарымыз өмір бойы жермен еңбек етті. Біз сол жолды жалғап келеміз. Қазақстан өсе берсін, ауыл шаруашылығы өркендей берсін. Өйткені бәрі – еңбектің арқасы, – деді Мұрат Қаражұманов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы