17 Ақпан 2026, 08:54 Фото: 24.kz

Ең ұзын сырмақ: Алматылық әжелер Гиннесс рекордын орнатуға ниетті

Сырмақтың ұзындығы 110 метрден асатын болады және оны наурыз мерекесіне дейін аяқтау көзделген.

Алматыдағы «Қазақ аналары» қоғамдық бірлестігі әлемдегі ең ұзын сырмақты сырлап, рекорд орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Жобаның мақсаты – ұлттық қолөнерді насихаттау және ұмыт бола бастаған ою-өрнектерді қайта жаңғырту. Сырмақтың ұзындығы 110 метрден асатын болады және оны наурыз мерекесіне дейін аяқтау көзделген.

Жобаға Алматы облысының ісмер әжелері де атсалысып жатыр. Әлемдік рекорд үшін 100 әже мен киіз жеткілікті. Қазір шағын сырмақтар дайындалып, кейін біріктіріліп ортақ сипатқа ие болады. Автор Жанар Сейілбекова атап өткендей, сырмақ ою-өрнектері жыл мезгілдеріне сәйкес үйлестіріліп отыр.

 «Мысалы, бізде «түйетабан», «қошқармүйіз», «сынық мүйіз» сияқты ою-өрнектер бар. Соның ішінде халыққа белгілі оюларды көбірек қолдандық», - дейді «Қазақ аналары» РҚБ Алматы және Алматы облысы бойынша филиалдарының басшысы Ләйле Дәулет.

21 наурызда сырмақ алматылықтардың назарына ұсынылады. Оны 100 әже, 160 келін, 100 бойжеткен және 100 бозбала шығарады. Бұл – алматылықтардың алғашқы тәжірибесі емес: былтыр 660 құрақшы «Медеуде» алып көрпе тігіп, Global Book of Records әлемдік рекордын орнатқан еді.