Кеше 2026, 14:35 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге өседі – вице-министр 

Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу – біздің жақын уақыттағы мақсат.

Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қазақстанда ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда нақты мерзімі әзірге белгісіз.

Бірінші вице-министр Азамат Әмриннің айтуынша, бұл шешім бір ғана факторға емес, бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданады.

Жалпы әлемде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50%-ын құрайды. Бізде медианалық жалақы – шамамен 302 мың теңге. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу – біздің жақын уақыттағы мақсатымыз. Бірақ бұл қалай жүзеге асады – ол қазіргі есептеп жатқан бюджетке байланысты, – деді Әмрин.

Оның сөзінше, ең төменгі жалақыны көтеру мүмкіндігі мемлекеттік бюджеттің кірісіне тікелей тәуелді.

©BAQ.KZ

Барлығы бюджет мүмкіндігіне байланысты. Биылғы жыл қалай аяқталатынын, түсімдердің динамикасын көреміз. Егер осы қарқын сақталса, онда қаржылық мүмкіндік пайда болып, бұл шешімді жүзеге асыруға болады, – дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін вице-министр мұнайдан түскен артық ақша қайда жұмсалып жатқанын айтты.