Бүгiн 2026, 15:19 Фото: depositphotos.com

Ең төменгі жалақы 150 мың теңге болса, кімнің жалақысы өсетіні айтылды

Вице-министр Азамат Әмрин нақты шешім тамыз айында белгілі болатынын айтты

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, 150 мың теңге – Үкіметтің мақсатты көрсеткіші, алайда нақты шешім бюджет мүмкіндігіне байланысты қабылданады.

150 мың теңге – біздің мақсатымыз. Бірақ оған қалай жететініміз бюджет мүмкіндігіне байланысты болады. Қазір түрлі есептеулер жүргізіліп жатыр. Нақты цифр айтуға әлі ерте, – деді Азамат Әмрин.

Вице-министрдің сөзінше, нақты есептер мен жаңа бюджет параметрлері тамыз айының ортасы немесе соңына қарай белгілі болады.

Қазір бюджет қалыптастыру процедурасы жүріп жатыр. Жаңа Бюджет кодексіне сәйкес барлық мерзім өзгерді. 1 тамызда өткен жылдың қорытынды статистикасы дайын болады. Соның негізінде есеп жүргізіп, тамыздың ортасы немесе соңына қарай нақтырақ қалыптасқан бюджет болады, – деді ол.

Журналистер ең төменгі жалақы өскен жағдайда мұғалімдер, дәрігерлер және жалақыға күн көретін азаматтардың табысы да өсетін-өспейтінін сұрады.

Әрине, өседі. Мысалы, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы да өседі, – деп жауап берді вице-министр.

Сонымен қатар ол ең төменгі жалақының қазіргі 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін көтерілуі айтарлықтай өзгеріс болатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскерилердің жалақысы жыл сайын өсіп жатқанын мәлімдеді.