29 Қазан 2026, 12:12 Фото: BAQ.KZ архиві

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі: Бектенов тапсырма берді

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге көтеру және әлеуметтік қолдау жүйесін жаңарту жоспарланып отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында әлеуметтік реформаларға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол әлеуметтік реформаларды жан-жақты талдау негізінде, азаматтардың жағдайын ескере отырып, байыппен жүргізу қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты қысқа мерзімде мынадай жұмыстарды атқаруды тапсырамын: Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, отбасылардың нақты жағдайын барынша ескеру үшін 1 желтоқсанға дейін цифрлық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етсін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен енгізуді пилоттық режимде жүзеге асыру қажет, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Еңбек министрлігіне пилоттық жобаны енгізуге және отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді жедел қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Барлық деңгейдегі әкімдер әлеуметтік саясаттың жаңа тәсілдерін енгізу бойынша халық арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырсын. Еңбек, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді қамтамасыз етсін, – деп тапсырды Премьер-министр.