Ең төменгі зейнетақы мөлшерімен келіспеген зейнеткер сотта жеңіп шықты

Жамбыл облысының тұрғыны ең төменгі зейнетақы мөлшерімен келіспей, сотта өз құқығын қорғап шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мойынқұм аудандық соты зейнеткердің еңбек өтілі фактісін анықтау туралы арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Еңбек кітапшасының жоғалуына байланысты талап қоюшыға ең төменгі зейнетақы тағайындалған. Зейнетке шыққан кезде оның «ПКМ-2006» мекемесіндегі еңбек өтілі есепке алынбаған. Арыз беруші аталған мекемеде 1984–1997 жылдар аралығында жұмыс істегенін көрсеткен.

Тиісті органдарға бірнеше рет жүгінгенімен, оның зейнетақы мөлшерін арттыру әрекеттері нәтиже бермеген. Осыдан кейін азамат сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Арыз берушінің уәждері сотта анықтамалармен, мемлекеттік органдардың жауаптарымен, сондай-ақ сол кезеңде онымен бірге жұмыс істеген екі куәгердің айғақтарымен расталды.

Сот арыз берушінің еңбек өтілін белгілеудің өзге мүмкіндігі жоқ деген қорытындыға келді. Өйткені ол жұмыс істеген мекеме қазіргі таңда таратылған.

Зейнеткердің еңбек өтілін анықтауды сұрауының заңды маңызы бар. Себебі бұл оның зейнетақы төлемін ұлғайтуға негіз болады. Осыған байланысты сот оның арызын қанағаттандыруды қажет деп тапты. Нәтижесінде азаматтың «ПКМ-2006» мекемесінде 13 жыл жұмысшы болып еңбек еткені туралы факт анықталды, – деп хабарлады Мойынқұм аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы