Ең қымбат банкнот – ең құнды президент: Трамптың ақшасы айналымға шығады
АҚШ-та Дональд Трамп бейнеленген жаңа банкнот шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Оңтүстік Каролина штатынан сайланған республикалық конгрессмен Джо Уилсон АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың бейнесі салынған 250 долларлық жаңа банкнот шығару туралы заң жобасын дайындап жатқанын мәлімдеді.
Бюро гравировка және баспа қызметіне Дональд Трамптың портреті бейнеленген 250 долларлық банкнот әзірлеуді тапсырған заң жобасын дайындап жатқанымды қуана хабарлаймын, – деп жазды Уилсон әлеуметтік желіде.
Конгрессмен бұл бастаманы АҚШ экономикасына кері әсерін тигізген “байденфляция” (президент Джо Байденнің саясаты салдарынан туындаған инфляция) мәселесімен байланыстырды. Оның айтуынша, америкалықтар қымбатшылықтың салдарынан өзімен бірге көбірек қолма-қол ақша тасуға мәжбүр.
Алайда, New York Post газеті бұл ұсыныс 1866 жылғы заңға қайшы екенін атап өтті. Заңға сәйкес, АҚШ валютасында тірі адамдардың бейнесін салуға тыйым салынған. Сонымен қатар, 1969 жылдан бері АҚШ-та 100 доллардан жоғары номиналды банкноттар шығарылмайды.
2024 жылдың маусымында Аризона штатының республикалық конгрессмені Пол Госар Дональд Трамп бейнеленген 500 долларлық банкнот шығаруды ұсынған болатын.
Заң жобалары әлі қабылданған жоқ және талқылау сатысында тұр.