"Ең өзекті мәселе": Балаева мәдениет қызметкерлерінің жалақысы туралы айтты

Жалақы мөлшерінің төмендігі – мәдениет саласындағы ең өзекті мәселе. Оны сала мамандары да растап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне байланысты бұл мәселеге тоқталды.

Мәдениет қызметкерлерін қаржылық-материалдық ынталандыру тақырыбы біздің министрліктің күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып қала бермек. Жалақы мөлшері саладағы өткір мәселелердің бірі болғандықтан ғана емес. Мемлекет және ең алдымен, ел Президенті бұл бағытта тоқыраудың алдын алу үшін бар күшін салып жатыр, - деді ол.

2023 жылы 64 мыңға жуық мәдениет және архив ісінің қызметкерлерінің жалақысы 45%-ға көтерілді. Алайда аталған мәселе күн тәртібінен түскен жоқ.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдауды күшейтіп, шығармашылық ұжымдардың еңбегін бағалауға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.

Қ.Қуанышбаев пен «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығына «ұлттық» мәртебе беріліп, осы ұжымдардың 450 қызметкерінің лауазымдық жалақысы 1,75 коэффициенті бойынша өсті. Ақтөбе және Түркістан облыстарындағы 34 көркемөнерпаз ұжымына «халықтық» және «үлгілі» атақтары берілді, - деді ол.

Аида Балаева жалақыны қайта қарау үшін заңнаманы жетілдіру керегін де жеткізді.

Түбегейлі өзгерістер заңнаманы жетілдірген жағдайда ғана болады. Бұл жалақыны қайта қарауға ғана емес, сонымен қатар креативті индустрияның тұрақты жүйесін құруға да қатысты. Салауатты, бәсекеге қабілетті рухани-мәдени қызмет көрсету индустриясы пайда болмай, жалақыны индекстеу мәселесі туындай беретіні анық. Қазір осы және басқа да мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы