Ең көп ұрланатын көлік маркалары қандай?
Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов ведомствоның дәстүрлі брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қара нарыққа автокөліктердің негізгі бөлігі Қазақстанға таяу шет елдерден, негізінен Ресей Федерациясынан әкелінеді. Қылмыстық элементтер осы жағдайды пайдаланып, елімізге қылмыстық автокөлік құралдарын жеткізуге тырысады. Бұл мәселе бойынша ішкі істер министрлігі ТМД елдерінің құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатты, - деп атап өтті жедел уәкіл.
Айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар елімізде 2017 жылғы желтоқсанда ратификациялаған ТМД елдерінің арасындағы келісім негізінде реттеледі.
Яғни «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісім» негізінде жүргізіледі. Аталған халықаралық шартта өзара қарым-қатынас нысандары, қажетті ақпараттық базаларды қалыптастыру және қолдау, ұрланған автокөлікті қайтару мерзімдері және оларды қайтарудан бас тарту негіздері нақты жазылған, - деді Құдияр Нұрсейітов.
Сонымен қатар ол ең жиі ұрланатын көліктердің маркасын атады.
«Toyota», «Lexus» көліктері жиі ұрланады. Биыл 60-тас астам көлікке іздеу жарияланды. Оның 85 %-ы табылып, иелеріне қайтарылды. Бірлескен жұмыстардың арқасында соңғы 5 жылда ТМД елдерінде Қазақстанда ұрланған 50-ден астам автокөлік табылды. Өз кезегінде, біздің елімізде Достастық мемлекеттерінің аумағында ұрланған 200-ге жуық автокөлік іздестірілді. Жыл басынан бері 909 бірлік автокөлік ұрланса, олардың 775-і табылып, заңды иелеріне қайтарылды. Осындай қылмыстарды жасаған 19 қылмыстық топ ұсталып, олардың халықаралық байланыстары тексерілуде, - деді ол.