Ең басты байлығымыз - елдің амандығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кешегі болған оқиғалар жаңа сипаттағы ұлттың қалыптасуына кедергі келтіріп жүрген арандатушылардың әрекеті. Мұндай пікірді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин білдірді. 

Біздің халқымызда «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз бар. Ата-бабаларымыз ондаған ғасырлар бойы ұлттың тұтастығын, елдің ішкі бірлігін сақтау үшін күрескен. «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген мақалды қоса айта отырып, ұрпақты бірлікке тәрбиелеп келген. Соның арқасында осынау ұлан-байтақ Атырау мен Алтайдың, Алатау мен Қаратау, Арқа мен сырдың арасындағы кең даламыз ынтымақ пен берекенің арқасы. Және намысын қорғай білген, шешім қабылдай білетін ұлы тұлғаларымыздың, билеріміздің, халқымыздың ұлылығының арқасында сақталды, -дейді ол. 

Оның айтуынша, соңғы екі ғасырда еліміз өте қиын жағдайларды бастан өткерді. 

Сол қиын жағдайлардың бәрінен аман өтіп келіп, елдің жаңа кезеңі ел тәуелсіздігіне келгенде, жаңа сипаттағы ұлт ретінде енді құрылып жатқан кезде әртүрлі сырттағы және іштегі күштер елдің тұтастығына кедергілер жасап жатыр.Кешегі болған оқиға соның бірі деп бағалаймын, -деді Оразалин. 

Сонымен қатар Нұрлан Оразалин демократияның екі ұшы барын, оны дұрыс ұстай алмасақ кесір болып тиетінін айтты. 

Жастарымыз еркін жүргісі келеді. Олар демократиялық сипаттағы мемлекетте өмір сүргенді қалайды. Бұл дұрыс. Алайда демократия өткір пышақ секілді. Оны жөндеп ұстай алмасаң не өзіңнің қолыңды тіледі, не оның жүзі қасыңдағы ағайынға барып тиеді. Сондықтан біз демократияны ішкі тұстастығымызға, ақылды ұрпақтың қалыптасуына одан әрі ұлттың қалыптасуы үшін күресуміз керек, -деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы