Ең алдымен көмекші – сарапшы ЖИ-дің журналистикадағы рөлі туралы айтты

Digital Bridge 2025 форумы аясында өткен "ЖИ бізден жақсы жаза ма? Журналистиканың болашағы дәл қазір шешілуде" атты панельдік сессияда "Qazcontent" АҚ SEO-маманы Аршат Ораз жасанды интеллектінің заманауи журналистикадағы орны мен мүмкіндіктері туралы ой бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, жасанды интеллект – бұл адамды алмастыратын емес, оның жұмысын жеңілдететін құрал. Технология ақпаратты өңдеу процесін жылдамдатады, бірақ басты рөл әлі де журналистің өзінде.

Бұрын журналистер ақпаратты іздеп, тексеріп, дереккөздерді салыстыруға сағаттап уақыт жұмсайтын. Қазір ЖИ бұл процесті автоматты түрде орындай алады. Бұл әсіресе үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істегенде ыңғайлы, бірақ нәтиженің дұрыстығын адам өзі тексеруі керек, — деді Аршат Ораз.

Маманның айтуынша, ақылы ЖИ сервистері деректер базасы тұрғысынан әлдеқайда толық әрі сапалы, ал тегін нұсқалар көбіне шектеулі және кәсіби контентпен жұмыс істеуге жарамсыз.

Сондай-ақ ол шетелдік тәжірибеге тоқталып, кейбір редакциялар күнделікті жаңалықтарды автоматты түрде ЖИ арқылы дайындайтынын айтты.

Мысалы, спорттық матчтар немесе ресми кездесулер бойынша жаңалықтарды жасанды интеллект жазады, ал журналистер дайын мәтінді өңдеп, талдау мен эксклюзивті материалға көбірек уақыт бөледі, — деп түсіндірді спикер.

Аршат Ораздың пікірінше, ЖИ – бұл ең алдымен көмекші, ассистент. Ол журналистің уақытын үнемдейді, бірақ адамның эмоциясын, сараптамалық ойлауын және сезімін алмастыра алмайды.

Жасанды интеллект адамды толықтай алмастыра алмайды. Ол эмоция бере алмайды және кейде қателік жібереді. Сондықтан ақпараттың сапасы мен шынайылығына жауапкершілік әрқашан журналистің өзінде қалады, — деді сарапшы.

Маман соңында ЖИ-ді ескiшілдікке негізделген жұмыс пен деректерді жинау үшін пайдалану маңызды, ал шығармашылық және аналитикалық міндеттер әрдайым адамның қолында болуы керектігін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы