Эмоциялық күйзеліс: Қайғыдан қан жұтқан жандардың өмірі қысқара ма?
Қайғыдан қан жұтқан жандардың өмірі қысқаруы мүмкін. Ғалымдар адамға "жүрек күйігі" қалай әсер ететінін зерттеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.
Зерттеуге сәйкес, адам жақынын жоғалтқаннан кейін, егер қайғы тым ауыр болса, "жүрек күйігі" салдарынан шынымен де көз жұмуы мүмкін.
Бұл тәжірибенің нәтижесі Frontiers in Public Health журналында жарияланған.
Даниядағы Орхус университетінің постдокторанты Метте Кьергаард Нильсен мен оның әріптестері 10 жыл бойы 1 735 адамның денсаулығын бақылап, оларды "төмен деңгейлі" және "жоғары деңгейлі" қайғы шеккендер деп екі топқа бөлген.
Зерттеу нәтижесінде, жоғары деңгейлі қайғы шеккендердің 26,5%-ы қайтыс болған, ал қайғыны жеңіл өткергендер арасында бұл көрсеткіш 7,3%-ды құраған.
Ғалымдардың айтуынша, жоғары деңгейлі қайғы дегеніміз адамның келесі сипаттағы қайғыны бастан кешіруі. Бұған мыналар жатады:
- эмоциялық жағынан есеңгіреу немесе өмір мәнсіз болып сезілуі;
- жақынын жоғалтуды қабылдай алмау;
- өзінің кім екенін түсінуде қиындық көру.
Бұл зерттеу ауыр қайғының физикалық денсаулыққа да айтарлықтай зиян келтіретінін көрсетеді.
Зерттеуге қатысушылар алғашқы тіркелген кезде, сондай-ақ жақынын жоғалтқаннан кейін 6 ай және 3 жыл өткен соң сауалнама толтырған.
Бұл зерттеушілерге олардың қайғы белгілерін жинауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ғалымдар зерттеуге қатысушылардың медициналық көмекке жүгіну жиілігін де бақылап отырған.
Нәтижесінде, қайғы деңгейі жоғары адамдар антидепрессанттарды жиі қолданғаны, психикалық денсаулық қызметтеріне және бастапқы медициналық көмекке жиі жүгінгені анықталған.
Жоғары қайғы деңгейін көрсеткен адамдар жақынын жоғалтпай тұрып-ақ әлсіз топқа жатады. Сондықтан олар ерекше назарды қажет етеді, - дейді Метте Кьергаард Нильсен.
Оның айтуынша, мұндай адамдарға қосымша қолдау қажет болуы мүмкін. Өйткені олар эмоциялық күйзеліске түсіп, жағдаймен күресу қиынға соғады.
Жақынын жоғалтудың жүрек саулығына жедел әсер ететінін жақсы білеміз. Мұндай күйзеліс ұзаққа созылса, ағзаға зиян келтіретіні мені аса таңғалдырған жоқ. Бұл көбіне жүрек ауруы ретінде көрінуі мүмкін. Бірақ басқа да салдарлары болуы ықтимал, - дейді профессор, кардиолог Сиан Харди.
Жүрек күйігі синдромы (ағылш. broken heart syndrome, медицинада — стресс тудырған кардиомиопатия немесе Такоцубо кардиомиопатиясы) жақын адамынан айырылу сияқты өте ауыр күйзеліс кезінде пайда болатын, жақсы зерттелген жүрек ауруы түрі.
Профессордың айтуынша, ұзаққа созылған стресс:
- қан қысымының жоғарылауына,
- кортизол гормонының артуына,
- қант диабеті қаупінің өсуіне,
- психикалық денсаулықтың нашарлауына алып келуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін адамның тез қартая бастайтын уақыты белгілі болды.