Эмомали Рахмон: Қазақстан мен Тәжікстанның сауда айналымы 1 миллиард доллардан асты
Тәжікстан Президенті екі елдің ынтымақтастығы барлық салада қарқынды ілгерілеп келе жатқанына тоқталды.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстан Тәжікстанның алдыңғы қатарлы сауда және экономикалық серіктестерінің санатына кіреді.
Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымызда да оң динамика сақталып отыр. Мәдени, білім беру және академиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Біздің қазіргі міндетіміз – стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасты тың нәтижелерге ұластыру. Жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың тыңғылықты іске асырылуына қолдау көрсетуіміз қажет. Бүгінгі келіссөзіміз барлық бағыттағы ықпалдастықты одан әрі дамытудың нақты қадамдарын айқындайды, – деді Эмомали Рахмон.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне назар аударылды.