Эмиссия төлемдерін экологиялық шараларға жұмсау міндеттелмек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексінде бюджетке эмиссия үшін түсетін төлемдерді экологиялық шараларға бағыттау көзделеді.
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада қоршаған ортаға эмиссия төлемдерін табиғатты қорғау шараларына жұмсау міндеттелмейді. Сондықтан, жергілікті атқарушы органдар түскен қаражаттың 0-ден 400% дейін, орта есеппен алғанда 45% ғана қоршаған ортаны қорғауға бөліп отыр, - деді министр.
Оның сөзінше, халықаралық сарапшылар елдегі экологиялық төлемдер мен оларды жұмсауға байланысты қазіргі жағдайды бірнеше рет сынаған. Осыған байланысты ілеспе заң жобасында табиғат қорғау іс-шараларын экологиялық төлемдер есебінен 100% қаржыландыру міндеттелген.
Министр табиғатты пайдаланудың қолданыстағы төлем жүйесі және оларды жоспарлау экономикалық тетігі қоршаған ортаның ластануын төмендетпейтінін айтты.
Сондықтан, бұл жаңа көзқарасты қайта қарауды және ендіруді қажет етеді. "Ластаушы төлейді" принципін алғаш рет 1972 жылы ЭЫДҰ сарапшылары қалыптастырды. Ол ластанудың алдын алу және бақылау шараларын, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залалды қалпына келтіру үшін жауапкершілікті көздейді. Осылайша мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлегеннен гөрі қоршаған ортаға теріс әсер етуге жол бермейтін шараларды қолдануға жағдайлар жасауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда "превенция" механизмі. Сонымен қатар, экологияға зиян келтірген ластаушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті, - деді Мағзұмов.Сонымен қатар, министр елімізде ауаның ластануы жыл сайын 100 мың тоннаға артып келетіні мен полигондарда 120 млн тонна тұрмыстық қалдық жатқанын айтты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы