Емхананы еркін таңдау науқаны қалай өтіп жатыр

Елімізде жыл сайынғы тұрғылықты жері бойынша емхананы еркін таңдау науқаны өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Төлеуова Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қазақстанда жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін тұратын аумағы шегінде емхананы еркін таңдау науқаны өтеді. Бұл азаматтарға қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын немесе тұрғылықты мекен-жайын ауыстырған жағдайда, сондай-ақ басқа себептерге байланысты емдеу мекемесін таңдауға мүмкіндік береді. МСАК ұйымдарына жеке тұлғаларды бекіту МСАК көрсету үшін негіз болып саналады. Сонымен қатар меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, тең құқықтылық және адал бәсекелестік қағидаттарымен жүзеге асырылады, - деп түсіндірді басқарма басшысының орынбасары.

Айтуынша, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланған кезде үйде медициналық көмек алу қажет болған жағдайда дәрігерді немесе мобильді бригаданы шақыру үшін тұрғылықты жері бойынша тіркелу керек.

Пациент қызметтер пакетін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала бастайды. Яғни 31 желтоқсанға дейін бұрын тіркелген емханада қызмет көрсету жалғастырылады. Айта кетерлігі, емханаға тіркелу жолдары өзгерген жоқ. Оның 2 түрлі тәсілі бар. Біріншісі - «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы «медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымдарына тіркеу» қызметін пайдалану арқылы, екіншісі – емханаға барып, өтініш жазу арқылы тіркелу. Айта кететін жайт, екінші тәсілді зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезден мүгедек азаматтардың қамқоршылары, түрмеде жазасын өтеп жатқандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқандар, шетелде туған балалар мен сенімхат арқылы тіркелетін азаматтар пайдалана алады,-дейді Айнұр Төлеуова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы