Емханалардағы кезек мәселесін шешу қажет - әкім
Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Айдарбек Сапаров медициналық ұйымдардың бас дәрігерлерінің қатысуымен денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері бойынша жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиын барысында тиісті басқарма басшылары баяндама жасады.
Аймақ басшысы халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға баса назар аударды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар емханалардың жұмысына жиі шағымданады. Бірінші емхананы аралау кезінде тұрғындар облыс әкіміне медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдарын айтты.
Айдарбек Сапаров тар шеңберлі мамандарды тарту, кезектерді азайту, ауруларды ерте анықтау және денсаулық сақтау нысандарына келушілерге барлық жағдай жасау бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдардың директорлары мүмкіндігінше тезірек – 20 шілдеге дейін емханалардағы кезек мәселесін шешу, науқастарды қабылдау жағдайын жақсарту шараларын қабылдау қажет. Кадрлардың бір-бірін алмастыруы, басқа емханалардан тар шеңберлі мамандарды тарту мәселесін дереу қарастырыңыздар. Тұрғындар апталап, айлап күтпеуі қажет, — деді облыс әкімі.
Айдарбек Сапаров медициналық мекемелерге ескертусіз бару тәжірибесін жалғастыратынын айтты.