Бүгiн 2026, 16:43 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Емханаға барған қызметкердің жалақысы сақталады

Бүгін Сенат осы мәселеге қатысты заңды қабылдады.

Қазақстанда жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң мақұлданды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, Сенат депутаттың әріптестерімен бірге әзірлеген заңын қолдаған. Депутат заң аясында енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді қызметкерлер медициналық скринингтен өту үшін жалақысынан айырылмайды. Жұмыс беруші қызметкерді орташа жалақысын сақтай отырып, үш күнге дейін скринингке жіберуге міндетті болады.

Көбі жалақыдан қағылмау үшін арнайы скринингке баруға қорқады. Енді eGov немесе SMS арқылы “тексерілетін уақыт келді” деп хабарлама келеді. Ал кадр қызметі қызметкерді скринингке жіберуі тиіс, – деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, жұмыс беруші скринингке жібермеген жағдайда жауапкершілік қарастырылады.

Сондай-ақ заңда ауысым алдындағы медициналық тексеру уақыты да жұмыс уақыты ретінде есептелетіні көрсетілген. Бұған дейін жүргізушілер мен өндіріс қызметкерлері тексеруден өту үшін ұзақ уақыт кезекте тұрғанымен, бұл уақыт төленбейтін.

Егер ауысым алдындағы тексеру міндетті болса – демек, ол жұмыс уақыты. Ол есепке алынып, төленуі тиіс, – деді депутат.

Жаңа заңда жұмысшыларды жазалау тәртібіне де өзгеріс енгізілген. Енді жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығармас бұрын оның әрекетінің ауырлығын, мән-жайын және өкінуін ескеруге міндетті.

Сонымен қатар еңбек шартындағы өзгерістер тек жазбаша түрде немесе электронды цифрлық қолтаңба арқылы рәсімделуі тиіс. Жұмыс беруші қызметкерге кемінде 15 жұмыс күні бұрын ескертуі қажет.

Депутаттың сөзінше, енді қызметкер аурухана парағында жүрген кезде еңбек шартының мерзімі аяқталса, оны жұмыстан шығару мүмкін болмайды. Шарт еңбекке жарамсыздық мерзімі аяқталғанға дейін ұзартылады.

Заңда материалдық жауапты қызметкерлердің жұмыстан шығу тәртібі де нақтыланған. Жұмыс беруші оларды «іс қабылдап алу» сылтауымен ұзақ ұстап отыра алмайды.

Бұдан бөлек, техникалық инспекторлардың құқығы заң жүзінде бекітілді. Олар өндіріс орындарын тексеріп, құжаттарды қарап, жазатайым оқиғаларды тергеуге қатыса алады.

Сондай-ақ Еңбек кодексінде алғаш рет қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу және жеке өміріне қол сұқпау құқығы нақты көрсетілді.