Емхана қызметкерлері тренингтен өтті

Атыраудағы № 7 қалалық емхана қызметкерлері мүгедектігі бар адамды орнынан оңай қозғап, көмек көрсету тәсілдерін үйренді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараны «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Тренингте бар білгенімен бөліскен мамандар, арбадағы адамға көмек көрсету тәсілдерін Беларусь мемлекетінен арнайы келген дәрігерлерден үйреніпті. Оған облыстағы алпауыт компаниялардың бірі қаржылай қолдау білдірген.Соның арқасында қазір 40-тан астам адам, облыстағы медициналық ұйым өкілдері мен қоғамдық орын қызметкерлеріне мүмкіндігі шектеулі жандарды орнынан оңай қозғау жолдарын үйретіп жүр. Бұған дейін мұндай тренинг Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы қызметкерлеріне өткізілді. Кейін № 7 қалалық емхана дәрігерлері де меңгерді.

Пайдасы мол бұл жоба 3 жыл бұрын қолға алынған екен. Денсаулық сақтау саласын өздеріңіз білесіздер, медициналық қызметкер арбадағы адаммен қалай жұмыс істеу керектігін, диагностиканың бәрін біледі. Ол біздің күнделікті міндетіміз. Бірақ бүгінгі тренингте жас мамандар мен өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттер көп дүние үйренді деп ойлаймын. Айта кететіні, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамға бейімдеу, оларға кедергісіз орта қалыптастыру өзекті проблема. Оны үнемі назарда ұстауымыз ұажет. Мәселен, біздің емхананың ашылғанына 12 жыл болды. Қазір бізде өзі бірінші топ мүгедегі болса да, Асылай есімді әріптесіміз қызмет етеді.Бұл маманның бүгінгі жетістігі, көп адамға үлгі,-дейді емхана директоры Гүлнәфис Танбаева.

Қоғамдық қор өкілдері, тренинг қатысушыларына мүгедектер арбасының бірнеше түрін көрсетті. Оны пайдалану бойынша нұсқаулықтар берді. Жиында мүгедектігі бар тұрғындармен қарым-қатынас этикасы да сөз болды.

Бүгінгі тренингте көп нәрсе үйрендім. Арбада отырған адамды оңай қозғаудың бірнеше тәсілі бар екенін көрдім. Пандустар мен сатылардан алып жүру жолдарын үйрендім. Мұндай тренингтерді өте жиі ұйымдастыру қажет деп есептеймін. Әсіресе, медицина қызметкерлеріне артық етпейді,-дейді қатысушылардың бірі Жанар Мұқашева.

Айта кетсек, мұндай тренинг Атырауда алғаш рет қолға алынып тұр. Алдағы уақытта да жалғаспақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы