Емхана, дәрігер мен 8,5 млн теңге: Ауыл медицинасын қалай дамытамыз
Ауыл медицинасы – халық денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратын, бірақ кей жағдайда назардан тыс қалып жататын сала. Шалғай елді мекендерде білікті мамандардың жетіспеушілігі, заманауи құрал-жабдықтардың болмауы және инфрақұрылымның әлсіздігі – ауыл медицинасының өзекті мәселелері. Осы түйткілдерге қарамастан, ауыл дәрігерлері халыққа медициналық көмек алуын қамтамасыз етіп, науқастарға қызмет көрсетіп келеді. Ауыл медицинасының бүгінгі хал-ахуалы мен даму жолдарын талдау – қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір ауыл халқының саны 7,7 миллион адамнан асады, бұл жалпы халық санының 38%-ы. Соның ішінде балалар – 37%, ересектер – 63%. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық нысан, соның ішінде 2 мыңнан аса медициналық пункт, 855 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 мыңға тарта дәрігерлік амбулатория, 170 емхана және 184 аурухана медициналық көмек көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы дерегі бойынша, ауылдағы медицина ұйымдарында қазір 52 мың маман еңбек етеді. Олардың 11 мыңнан астамы – дәрігер, 41 мыңға жуығы – орта медицина персоналы. Бірақ әлі тапшылық бар - 1 122 медицина қызметкері жетіспейді.
Бүгінде елімізде ауылдағы медицинаны дамыту үшін "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы іске асырылып жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ұлттық жобаның шеңберінде 2024 жылы ауылда 263 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. 2025 жылы қосымша 271 медициналық орталық салынады.
Оның ішінде өңірлердің картасында 47 дәрігерлік амбулатория, 101 фельдшерлік-акушерлік пункт, 115 медициналық пункт пайда болды.
2024 жылы ұлттық жобаны іске асыру бойынша көшбасшылардың қатарында: 38 нысан салынған Солтүстік Қазақстан облысы, 37 нысан салынған Түркістан облысы, 18 нысан салынған Жамбыл облысы, 19 нысан салынған Қостанай облысы, 24 нысан салынған Ақмола облысы бар.
Ұлттық жобаның шеңберінде ауылдық елді мекендерде барлығы 655 МСАК нысанын салу жоспарланған, оған 257 медициналық пункт, 238 ФАП, 160 дәрігерлік амбулатория салу кіреді.
Ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетудің уақтылығын арттыру мақсатында 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухананы жаңғырту жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылатын ауылдық аурухананың инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ұлттық жоба ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған жетіспейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын салу ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, жүкті әйелдер мен балаларды патронаждаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, диспансерлік науқастарды байқауға, амбулаториялық оңалтуға және медициналық көмектің басқа да түрлеріне мүмкіндік береді.
Ауылға барған дәрігер 8,5 млн теңге алады
Гүлдара Нұрымова ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылды жерлерге көшіп келген мамандарға 100 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленетінін атап өтті. Бұл норма денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген.
Мемлекет денсаулық сақтау саласына үнемі ерекше көңіл бөледі. Биыл дәрігерлерді қорғауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған сапалы жаңа заң күшіне енді. Бірқатар әлеуметтік кепілдік енгізіліп, құқықтық қорғау күшейтілді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдарда медицина қызметкерлерінің балаларына бірінші кезекте орын беріледі, басы артық есеп беру мәселесі қысқартылады, дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады және басқа да өзгерістер бар. Медициналық жоғары оқу орындарының жас түлектері олардың көмегі адамдарға шынымен де қажет екенін және мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шаралары дәл осыған бағытталғанын анық түсінуге тиіс, – деді депутат.
Ауыл мен қала медицинасы: Екеуі екі әлем
“Алтын Дәрігер” жоғары наградасының иегері, “Ұлттық Медициналық Қауымдастық” республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі, дәрігер Ерік Байжүнісовпен әңгімелескенде ауыл мен қала медицинасының аражігін түсіндіріп берді.
Ауыл медицинасы мен қала медицинасы – екеуі екі түрлі әлем. Жағдайлары да бөлек. Оны бір-бірімен шатастыруға болмайды. Қазіргі қоғамдағы бір қателік мынада – көбі қала медицинасына жасалып жатқан шараларды ауылда да жасаса, ол жұмыс істейді деп ойлайды. Бірақ ауылдың жағдайы басқа, менталитет бөлек. Сондықтан медицина халыққа қызмет көрсету салаларының бірі болғандықтан халықтың мұқтаждығына, оның күнделікті сұранысына бейім болуы керек, - дейді дәрігер.
Ерік Байжүнісов еліміздегі ауылды мекендер қалай өзгерсе, медицина да солай өзгеруі керек деп санайды.
Өкінішке қарай, өздеріңіз білетіндей, ауыл тұрғындары бірте-бірте қалаға көшіп жатыр. Бұрын 90-жылдары халықтың 47-50%-ы ауылды жерлерде тұратын еді. Ал қазір жылдан жылға оның саны азайып келеді. Мысалы, бүгінде ауылдарда ел халқының 8 млн-ға жуығы ғана тұрады. Қалғанының бәрі қалада тұрады. Бұл үрдіс өзгере бермек. Ал өткен заманда медицинаның жағдайы қалай болды? Қала медицинасы мен ауыл медицинасының айырмашылығы білінбейтін, бірдей болатын. Ауылдардағы, аудан орталықтарындағы Кеңес одағы кезінде салынған үлкен ғимараттар, ауруханалар сол қалпында қалды. Сол кезде медицинаның идеологиясы бөлек болатын. Мысалы, қалада бар технологияның бәрін ауылға апару керек, ол халыққа қолжетімді болуы керек. Міне осы технологияларды жеткізу бойынша арнайы бағдарлама болатын. Алайда медицинаның қаржыландыру, басқару жүйесі мүлде бөлек еді. 90-жылдардан бері қарай заман өзгере бастады. Біз нарықтық экономикаға көштік. Ауылдан адамдар қалаға көшті. Тұрғындар көшкеннен соң, дәрігерлер де қалаға көше бастады. Енді қазір ауылдардағы ең басты проблемалардың бірі – кадр тапшылығы. Өкінішке қарай ауылға барып жұмыс істеп, қызмет атқарғысы келетін дәрігерлердің саны жыл сайын азайып барады. Бұл тек Қазақстанның ғана проблемасы емес, әлемнің проблемасы, - деп ойын айтты сарапшы.
Әлемде 5 млн-нан астам дәрігер жетіспейді. Мысалы, Аустралия, Канада сияқты елдерде де осы мәселе.
Кадр мәселесін қалай шешіміз?
Елімізде дәрігерлерді дайындайтын 14 ЖОО бар. Осы оқу орындарында қажетті жас мамандарды дайындап, шығарып жатыр. Жастар ауылға барып, 2-3 жыл істейді. Бірақ олар сол жерге сіңбей, қайта кетіп қалып жатыр.
Сарапшы атағандай, жалпы ауылдарда жастар аз. Жылдан жылға азайып бара жатыр. Оның себебі медицинаның проблемасы емес. Оған әлеуметтік және басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін.
ЖОО-ны енді бітірген жас мамандарға міндетті түрде ауылды жерлерде 3 жыл жұмыс істеу керек деген талапты 10 шақты жыл бұрын қолға алдық. Дегенмен қазір қарап отырсақ, бұл жүйенің де тиімділігі аз екенін көріп отырмыз. Сондықтан бұл проблеманы басқаша шешу керек. Қала медицинасының қазіргі жағдайын қарасаңыздар, ауруханалардағы құрал-жабдықтар цифрландырылған. Дәрігер – ол бір біліммен шектеліп қалатын маман емес, ол күнде оқып, дамуы керек. Дәрігер жылдан-жылға білімін шыңдап, түрлі технологияларды меңгеріп отырмаса, болашағына мақсат қоймаса, дәрігер болу өте қиын. Ауылға барып, бір деңгейде қалып қойған дәрігерлер 2-3 жылдан кейін кәсіби деңгейін төмендетіп алуы мүмкін. Сол себепті қазіргі қолға алынып жатқан шаралар аясында ауылға жас дәрігерлерді емес, орта жастағы не болмаса зейнет жасына жетіп қалған тәжірибелі дәрігерлерді қалай тартуды ойлауымыз керек, - деп айтты Ерік Байжүнісов.
Сарапшылар атап өткендей, елімізде прогрессивті және регрессивті ауылды мекендер бар. Яғни көшіп жатқан және көшіп келіп жатқан ауылдар бар. Оны зерттей келе, Қазақстанда 34 елді мекен барын анықтап, ол жерлердегі ауруханалардың қуатын, мүмкіндіктерін арттырып жатыр. Оларға қалада бар барлық технологияны, ота жасайтын, ауруды емдейтін құрал-саймандарын жеткізіп, тәжірибелі мамандарды сол жерге шоғырландыру қажет.
Мысалы, хирург немесе басқа да маман ауылға барса, бірақ оның ота жасауға құрал-жабдығы болмаса ештеңе істей алмайды. Сондықтан жаңа үрдісті қолға алып, жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни 3-4 ауданды біріктіріп, прогрессивті аудандық аурухананың қуатын жоғарылату жұмыстары жасалуда. Қазір оның бірінші кезеңі аяқталды. “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында алдағы 2-3 жыл ішінде тағы осындай 34 ауылды мекендегі ауруханалардың жағдайы жақсартылады.
Қазақстанда қазір 7 337 мемлекеттік медициналық нысан бар. Соның ішінде ауылды жерлерде 6 543-і орналасқан. Бұл санның шамамен 57%-ы ескірген, 50-60 жылдары салынған ескі ғимараттар. Ескі ғимараттарда сапалы медициналық қызмет көрсету қиын. Сондықтан мемлекет осындай ауқымды жұмысты бастап, жаңадан 655 аурухана мен емхана салуды қолға алды. Бүгінде бұл нысандар құрылысы аяқталды.
2030 жылға дейін осы жұмыстар аяқталса, ауылдарда орналасқан барлық медициналық мекеме жаңарады. Оның жағдайы да, қондырғылары да, құрал-жабдықтары да заманға сай болады.
Заман мен медицина
Тағы бір маңызды мәселе – телемедицина. Бұл бағытты дамыту өте тиімді болады. Ауылда тұратын қарапайым халқымызға жоғары мамандандырылған көмекті қаладан жеткізудің бірден-бір тәсілі – телемедицина арқылы кеңес беру, ем жазу. Қазақстанның кез келген бір қаласынан кеңес беретін консультациялық орталық ашылса, онда емдеу тәсілдерін алу оңайырақ болар еді. Телемедицина арқылы науқаспен онлайн сұқбаттасып, кеңес беруге болады. Қазір Қазақстанда ондай қондырғылар бар. Бізге оларды толыққанды енгізуге кедергі болып тұрғаны – интернеттің жетіспеушілігі. Егер интернет сапасы жақсартылса, қондырғыларды ертеңнен бастап орнатуға дайынбыз. Бұл мемлекеттік іс. Оны аяғына дейін жеткізсек, Қазақстан жоғары деңгейге көтеріледі, - дейді дәрігер.
Ерік Байжүнісовтің ойынша, қазір заман қалай өзгеріп отырса, медицина да солай өзгеруі керек. Бұрынғыдай кеңес алу үшін науқасты аудандық, облыстық ауруханаға жіберудің қажеті жоқ екенін көріп отырмыз.
Шешімін таппай тұрған тағы бір мәселе – ол ауыл халқына дәрі-дәрмектің жеткізілмей жатқаны. Дәріхана жоқ. Бизнестің бәрі қалада. Ауылға барғысы келмейді, оның үстіне халықта ақша жоқ. Халық тек тегін берілетін дәрілерді ғана емес, басқа да тұрмысқа қажетті дәрілерді алғысы келеді. Осы мәселені шешу үшін министрлік жылжымалы дәріханаларды енгізуді қарастырып жатыр. Жоба оң нәтижесін берсе, бүкіл Қазақстан ауылдары бойынша жоба жалғасады, - деп айтты дәрігер-сарапшы.
Халықтың алғысына бөленген “Дәрігер пойыз”
2010 жылдары “Саламатты Қазақстан”, “Денсаулық” сияқты медициналық пойыздар ел-елді аралады. Қазір де бұл жоба жалғасып жатыр.
Алғашында бұл пойыздарды жібергенде уайым болды. Себебі оған қыруар қаржы бөлінді. Теміржолмен жүріп келе жатқанда қай станцияға тоқтайтынына дейінгі ұйымдастыру жұмыстары көп. Министрліктің тиімді жұмысының арқасында пойыздар жұмысын жалғастырып, дәрігерлер күтпеген жерден халықтың алғысына бөленді. Халықтың үлкен қолдау көргенін көрдік. Себебі шалғайдағы ауылға өмірі жетпеген көмек жетті, - дейді ол.
Ерік Байжүнісов ДДСҰ Қазақстанның осы тәжірибесін басқа елдерге үлгі ретінде көрсеткеніп және оны басқа елдер де қолға алып жатқанын айтты. Сөзінше, бұл - Қазақстанның ноу-хауы.
Медицинаның жағдайы мен мүмкіндігі жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Оның бәрін Қазақстанның әр азаматына оның қай жерде тұрғанына, ұлтына, әлеуметтік және басқа да жағдайына қарамастан қолжетімді ету – мемлекеттің міндеті. Оны толығымен орындауымыз керек. Медицина адамның қалтасының қалыңдығына байланыссыз болып, көмек сапасы бәріне бірдей болуы қажет. Қазақстанда 4 864 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде жалпы дәрігерлік практикада істейтін мамандарды табу қиын. Олар ауылға барғысы келмейді. Жалпы дәрігерлерді ауылға тартып, оларға жағдай жасау жергілікті әкімдіктердің міндеті. Ауылдың медицинасын дамыту үшін инфрақұрылым дұрыс болуы керек. Жол, интернет және т.б. Сондықтан алдымен ауылды мекендердің инфрақұрылымын жақсарту керек. “Неге дәрігер жетіспейді?” деген сұраққа жауап беру үшін “Неге ауылдан адамдар көшіп жатыр?” деген сұраққа жауап беруіміз керек. Яғни көшіп-қону тоқтаған кезде дәрігерлер де, мұғалімдер де, бәрі болады, - деп сөзін қорытындылады дәрігер Ерік Байжүнісов.
Айта кетейік, 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын ұлттық жоба ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғырту арқылы халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.