Емдеудің жаңа дәуірі: балалар онкологиясында қандай жаңалық бар?
Балалар онкологиясын дамыту бағытындағы бұл шаралар саладағы сапалы өзгерістерге жол ашып, жас пациенттердің өмірін сақтап қалуға ықпал етпек.
Алматы қаласында балалар онкологиясындағы өзекті мәселелерге арналған маңызды жиын өтті. «Орталық нерв жүйесі (ОНЖ) ісіктерімен ауыратын балаларға медициналық көмек көрсету жүйесіндегі проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде отандық және халықаралық сарапшылар бас қосып, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, балалар онкогематологиясы мен нейрохирургия саласының жетекші мамандары, сондай-ақ бейінді медициналық ұйымдардың сарапшылары қатысты. Жиын барысында балалардағы ОНЖ ісіктерін емдеу жүйесінің қазіргі жағдайы, негізгі түйткілдер мен оларды шешу жолдары кеңінен талқыланды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің басшысы Мағрипа Ембергенова өз сөзінде елімізде балалар онкогематологиясын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары жоғары технологиялық диагностика мен емдеу әдістері енгізілген. Атап айтқанда, иммуногистохимия, иммуногенотиптеу, онкомаркерлерді анықтау, жоғары дозалы химиотерапия, сондай-ақ ағзаны сақтайтын хирургиялық емдеу тәсілдері кеңінен қолданылуда.
Сонымен қатар, жыл сайын 70-тен астам гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау, сүйек ісіктері кезінде буындарды эндопротездеу және селективті интраартериялық химиотерапия жүргізіледі.
Мағрипа Ембергенованың мәліметінше, елордадағы Ұлттық онкология орталығы базасында биылғы жылдың ортасына қарай протондық терапия мен радиойодтерапия әдістері қолжетімді болады. Бұл өз кезегінде балалардағы күрделі ісіктерді емдеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кадрлық әлеуетті күшейту мақсатында дәрігерлерді шетелде оқыту жалғасуда. Биыл 20 маман Түркиядағы «Флоренс Найтингейл» клиникасында балалар онкологиясы бойынша біліктілігін арттырады.
Бүгінде онкогематологиялық аурулары бар балаларды емдеуге арналған дәрілік заттар халықаралық ұйымдар арқылы сатып алынуда. Қажетті препараттар тізбесін 44 атауға дейін кеңейту жоспарланған.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, клиникалық хаттамаларды жетілдіру, ерте диагностика, сондай-ақ кәсіби ынтымақтастықты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жиын қорытындысында елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Балалар онкологиясын дамыту бағытындағы бұл шаралар саладағы сапалы өзгерістерге жол ашып, жас пациенттердің өмірін сақтап қалуға ықпал етпек.