МСҚ үздік емдеу мекемелерінің рейтингін жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. МСҚ деректеріне сүйенсек, сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеген мердігерлер тізіміне 98 медицина ұйымы енді. Оның 70%-ы – жеке меншік клиникалар, деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның баспасөз қызметі.

Медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов сапалы қызмет көрсеткен медициналық ұйымдарды атап өтті.

«Сапалы әрі нәтижелі жұмыс істеген мердігерлер тізіміне 98 медицина ұйымы енді. Оның 70%-і – жеке меншік клиникалар.

Сараптама нәтижесіне сүйенсек, Шымкент қаласы көз аурулары ғылыми-зерттеу институты, Жамбыл темір жол ауруханасы, Түлкібас орталық аудандық ауруханасы, Республикалық балалар оңалту орталығы және Ұлттық медицина университеті үздік атанды», – деді Ерік Байжүнісов.

Айта кетейік, 2019 жылдың 6 айында медицина ұйымдары 218,7 мың теңгенің қызметін көрсету барысында әртүрлі кемшіліктерге жол берген. 

«Кемшіліктер бірінші жартыжылдықта жүргізілген қызмет сапасын мониторингтеу жұмыстары нәтижесінде анықталып отыр. Біз стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсететін ұйымдардың рейтингін жасадық. Нәтиже коэффициентіне қарай медицина ұйымдарын: жасыл, сары, қызыл деп шартты түрде үш аймаққа бөлдік.

Сараптау барысында 58 медицина ұйымы қызыл аймаққа түсті. Қостанай қалалық ауруханасы, Балқаш қаласының орталық ауруханасы, Нұр-Сұлтан қаласының орталық жол ауруханасы мен Текелі қалалық ауруханасы қызметінен көп кемшіліктер табылды», - дейді Медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов.

Қор кемшіліктерге жол берген медицина ұйымдарына айыппұл санкцияларын қолданады. Жарты жылда емдеу мекемелеріне бөлінген қаражаттан 2,8 млрд теңге шегерілді. Заң бұзушылықтар үшін шегерілген қаржы медицина ұйымдары арасында қайта бөліске салынады. Бұл қаржы басымдыққа ие көмек түрлеріне жұмсалатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстандықтарға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 1404 медицина ұйымы қызмет көрсетеді. Халыққа тегін көмек көрсеткен емханалар мен ауруханалардың қызмет ақысын Медициналық сақтандыру қоры төлейді.

МСҚ халыққа тегін көрсетілетін медициналық қызметтердің ақысын төлеп қана қоймай, оның сапасын да бақылайды. Атап айтқанда, Қор мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан емдеу мекемелерін тұрақты түрде мониторингтен өткізіп отырады. Талап бойынша жеке меншік клиникалар да, мемлекеттік емханалар да диагностика мен пациентті емдеу стандарттарынан ауытқымауы тиіс.

МСҚ сапаны жақсарту тетіктерін дамыту мақсатында жақсы нәтиже көрсеткен медицина ұйымдарын ынталандырады. Ал, қызыл аймаққа енген клиникалармен алдағы уақытта келісімшарт бекіту мәселесі қайта қаралмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы