Елжан Біртанов жас әріптестеріне: Дәрігер болудың артықшылығы көп
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағанды облысына іссапары барысында медицина университетінің резидент және түлектерімен кездесті.
Жүздесуде резидентура мен интернатураның 30-дан астам түлегі өз жұмысы жайлы баяндап, денсаулық сақтау министріне сұрақтарын қойды.
Кездесуде "Дипломмен ауылға" бағдарламасына ұқсас бағдарлама арқылы қалалардағы жас мамандарды да тұрғын үймен қамту жайлы сөз болды. Елжан Біртанов бұл мәселе шешіліп жатқанын айтты.
"Бәйтерек" қорымен бірлесіп жас мамандар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отырмыз", - деді министр.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев: «Облыс әкімдігі Қазақстандық ипотекалық компаниямен меморандумға қол қойды және осы келісім аясында жас дәрігерлерге 200-ге жуық пәтер бөлуді көздеп отыр», - деді.
Кездесу барысында "патологоанатомия" мамандығы бойынша резидентураға түсу мәселесі де көтерілді. Елжан Біртанов жоғары оқу орнының түлектеріне облысқа осы мамандық тың аса қажет екенін түсіндіріп, мемлекет есебінен қайта даярлаудан өтуді ұсынды. Сондай-ақ, бұл мәселені жеке бақылауға алды.
Елжан Біртанов жаңадан оқуды аяқтаған жас әріптестерін құттықтап, елімізде кәсіби дәрігерлердің қатары көбейгенін айтты.
"Дәрігер мамандығын таңдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Біз GPA көтердік, бағдарламаны күрделендірдік. Сондықтан, жүзден жүйрік, үздіктің үздігі ғана сүрінбей, соңына дейін оқыды. Меніңше, дәрігер болудың артықшылығы көп. Мұны ұмытпаңыздар", - деді ол түлектерге.
Елжан Біртанов денсаулық сақтау жүйесінің әлі жақсаратынын, ал жалақы жыл сайын көтерілетінін еске салды. Оның айтуынша, 2025 жылға қарай дәрігердің табысы 500-600 мың теңгеден асады. Сонымен қатар, келесі жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген соң, жалақы тағы көтеріледі.
"Адам медициналық институтқа болашақта жайлы және бай-қуатты өмір сүру үшін емес, мамандықтың өзіне қызығып барады. Таңдауларыңызға қашан да адал болыңыздар. Медицина оңай кәсіп емес, ол үнемі қарқынды даму үстінде", - деді министр.