Бүгiн 2026, 12:06 Фото: Жетісу облысының Полиция департаменті

Елтаңбаны қоқыстан тауып алған азамат шағымдана алады: ІІМ мәселені түсіндірді

Вице-министр азамат шешіммен келіспесе, шағымдануға құқығы бар екенін айтты

Қазақстанда Елтаңбаны қоқыстан тауып, үйіне ілген азаматқа айыппұл салынған жағдайға қатысты Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты құқықтық шешім қабылданған.

Елтаңбаны тауып алған азаматқа қатысты құқықтық шешім бар. Заң шешіміне қосарым жоқ. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаның Конституциялық құқықтары толық сақталған. Егер азамат шешіммен келіспесе, шағымдана алады, – деді Әділов.

Сонымен қатар вице-министр айыппұл салынған азамат шағым түсірген жағдайда, уәкілетті органдар мәселені заң аясында қайта қарауға дайын екенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін қоқыстан елтаңба тауып, үйіне ілген ер адам жауапқа тартылғанын хабарладық. Жетісу облысында аталған мемлекеттік рәмізге қатысты тараған ақпаратқа полиция түсініктеме беріп, себебін түсіндірген еді.