Елтаңба авторы Талапкер ауылының жастарымен кездесті
Мәдениет және спорт министрлігінің Геральдикалық зерттеулер орталығы Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылының жалпы орта мектебінің ұсынысы бойынша, Мемлекеттік рәміздер туралы кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ
Кездесуге арнайы келген Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлы Ту мен Елтаңбаның қадір-қасиетіне кеңінен тоқталып, оқушылар сұрақтарына жауап берді.
Мен өзімді тәуелсіз еліме адал қызмет еттім деп санаймын. Елміздің айшықты Елтаңбасында және елордамыздың бірнеше ғимараттарында менің қолтаңбам қалғанына қарамастан, әліде мемлекетіміз үшін жұмыс жасағым келеді. Қадірлі шәкірттер, сіздер де осы бастан мынау отанымызға адал қызмет ету үшін ерінбей білім алуларың керек. Ел болашағы сіздердің қолдарыңызда, - деп Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы шараға қатысқан жастарға батасын берді.
Танымдық кездесуде Геральдикалық зерттеулер орталығы директоры Асылбек Байжұмаұлы Мемлекеттік рәміздердің қолдану тәртібін түсіндіріп өтті.
Өткен жылы Рәміздердің 30 жылдығын бүкіл ел көлемінде, тіпті алыс-жақын шетелдерде тұратын отандастарымыздың қатысуымен айырықша атап өттік. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысынан бастап қарапайым азаматтарымызға дейін қасиетті Туымызға және Елтаңбамызға ерекше құрмет көрсетті. Сол игі бастамалар биылда жалғасын табады. «Баланы жастан» деген халықпыз, қасиетті рәміздерімізді ұрпақ бойына жастайынан сіңіріп өсіру маңызды, - деді Асылбек Байжұмаұлы.
Игілікті шараға Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры директоры Аслан Ғафуров, мектеп директоры Сағымбала Абеева ұстаздар мен жастар, мектеп оқушылары қатысты.
Шара мақсаты Мемлекеттік рәміздерге, еліміздің патриоттық мазмұндағы брендтеріне құрметпен қарауға шақырып, қасиетті рәміздеріміздің қадір-қасиетін ұғындырып, патриоттық сезім, ұлттық мақтаныш, отансүйгіштік сананы дәріптеу.