Елші: Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі
Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев Қазақстан мен Қытайдың екіжақты ынтымақтастығы туралы статистикалық мәліметті бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл қазақ-қытай қатынастары үшін тарихи маңызы бар жыл. 2022 жылғы 3 қаңтарда елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде елдеріміздің арасындағы байланыс нығайып, стратегиялық әріптестік дами түсті, - деді елші.
Нұрышов елдеріміз шекара мәселелерін алғашқылардың бірі болып шешіп, ортақ шекараны берік достық байланысына айналдырғанын айтты.
Қазақстан мен Қытай саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша тығыз қарым-қатынасты дамытып жатыр. Елдер арасында берік шарттық-құқықтық база және өзара іс-қимылдың көп деңгейлі тетіктерінің тармақталған жүйесі бар. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы өзара байланысқа үлгі болып, индустрияландыру және инвестициялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты алғашқылардың бірі болып дамыта бастадық, - деді Қазақстан елшісі баспасөз конференциясында.
Оның сөзінше, бүгінгі күні Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі.
Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышевтың мәліметінше, 30 жыл ішінде өзара сауда көлемі 70 еседен астам өсті. Сондай-ақ қытай деректері бойынша оның көлемі 2021 жылы 25,2 млрд долларға өскен. Биылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы тауар айналымы - 23,2 млрд доллар. Бұл былтырмен салыстырғанда 22,5%-ға өскен.