Елші Моңғолияның экс-президентіне мерейтойлық медальді табыс етті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолияның  экс-Президенті Намбарын Энхбаярмен кездесті. 

Аталған кездесуге Моңғол Халық партиясының хатшысы Буйя Тулга да  қатысты.

Кездесу барысында елші моңғол тарапына «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша қысқаша мағлұмат беріп, осы оқиғадан кейін Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік жағдайын дамыту бағытында қазақстандық үкімет тарапынан атқарылып жатқан кешенді іс-шаралар жөнінде айтып өтті. Бұған қоса  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында  аталған оқиғалар бойынша халықты толғандырған бірқатар сұрақтарға ресми жауап бергенін, еліміздегі қазіргі уақыттағы саяси, экономикалық реформалар жөнінде ақпаратты жеткізді.

Н.Энхбаяр өз сөзінде Қазақстанның қазіргі жағдайдан абыроймен шығады деп есептейтінін, тарихта тамыры ортақ, бірге өскен бауырлас қазақ халқы моңғол халқының қолдау көрсететініне әрқашан сенуге болатынын атап өтті.

Кездесу соңында Ж.Әділбаев Н.Энхбаярға «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына» арналған мерейтойлық медальді табыстады.

Н.Энхбаяр өзіне көрсетілген ілтипат үшін алғыс айтып, Мемлекет басшысына алғыс сөздерін жеткізе отырып, екі елдің арасындағы өзара достық қарым-қатынастардың дамитындығына сенімділігін және қазақстандық тараптың бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы