Елорданың рухани болмысына жаңа əр берілді – Райымқұлова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл шілденің бірінші жексенбісі - Ұлттық домбыра күніне жəне Елорда күніне арналған іс-шаралар легі бас қаламызда халық композиторы, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың ескерткішін ашумен басталды. Салтанатты іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Осыдан кейін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жəне Алаш қайраткерлері - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы сынды тұлғаларға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қос іс-шараға Мемлекет басшысы қатысып, жиналған қауым алдында сөз сөйледі.

Ұлтымыздың осындай көрнекті тұлғаларына арналған ескерткіштер Елорданың рухани болмысына жаңа əр берері сөзсіз. Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын кең көлемде атап өтіп жатырмыз. Халқымыз осынау бабаларымыз арманын жүзеге асыру жолында барын аямаған перзенттерін ұмытпақ емес, - деп жазды министр. 


Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен Х «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі, аламан бəйге мен көкпар бəсекесі мереке көркін қыздырды. 
 

Қадірлі достар, бəріңізді Елордамыздың 23 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Қарыштап дамып келе жатқан қаламыз Сіздердің арман-мақсаттарыңыздың орындалуына куəгер болып, жылы естеліктерімен есте қалуына тілектеспін, - деді Райымқұлова. 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы