Елорданың қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысы ұсталды
Антикор Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаеваны ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Агенттік Әлия Қожабаеваның ұсталғанын растады.
Сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаймыз. Тергеу шаралары жалғасуда. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратуға жатпайды, - делінген ведомство хабарламасында.
Әлия Қожабаева Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «экономист-менеджер» мамандығы бойынша түлегі. Заң институтында «заңгер» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясысын «заңтану магистрі», Гуманитарлық-техникалық академиясын «экономика ғылымдарының магистрі» және Швейцария бизнес және халықаралық қатынастар университетін (UBIS-University of business and international studies) «Іскерлік әкімшілік докторы» ғылыми дәрежелерімен тәмамдады.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген.
Еңбек жолын 2002 жылдан бастады.
2002-2003 жылдары Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сот отырысының бас маманы - хатшысы болып жұмыс істеді.
2003-2008 жылдары Ақмола облыстық мәдениет басқармасының құқықтық және кадр жұмысы бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
2008 жылдан бастап ҚР Бәсекелестікті қорғау Агенттігінің Ақмола, Қарағанды облыстары және Астана қаласы бойынша ауданаралық инспекциясында жұмыс істейді. Аумақтық бөлім бастығынан бастықтың орынбасарына дейін жол жүрді.
2012 жылдан бастап Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы қызметін атқарады.
2013 жылдан 2020 жылға дейін Астана қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, қоғамдық даму істері басқармасы және қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2020 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Айта кетейік, Қожабаева Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасын 2020 жылдың ақпанынан бері басқарып келген еді.