Елорданың орталығында қарасора өсіріп келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ағымдағы жылғы 20 маусымда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында елордалық полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп, жертөле қабатындағы жалға алынған үй-жайда құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірген екі ер адамды ұстады. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының ПД баспасөз қызметі хабарлады.

Жас жігіттер бұдан әрі іске асыру үшін дайындалған бірінші партиядан егін жинап үлгерген.

Тінту іс-шаралары барысында қарасора өсіруге арналған арнайы жабдықтар алынды: шамдар, желдеткіштер, контейнерлер. Сонымен қатар, тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған препараттар мен тыңайтқыштар, буып-түю материалдары, электронды таразылар тәркіленді. 

Күдіктілер қылмыстық ниетті іске асыру мақсатында жылу режимі мен ылғалдықты сақтай отырып, желдеткіштерді, шамдарды, тамшылатып суару жүйесін орнату арқылы есірткі өсімдіктерін өсіруге жағдай жасаған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабы "Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Күдіктілер Нұр-Сұлтан қаласы ПД УҰИ-ға қамалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы