Елорданың мемқызметкерлеріне дәстүрлі емес діни ағымдарға қалай қарсы тұру керектігі айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Діндерді зерттеу орталығының мамандары мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін «Қазіргі жағдайда дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жасау» тақырыбында семинар өткізді деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Семинарда спикер ретінде Нұр-Сұлтан қаласының құрметті азаматы, «Әлем мәдениет арқылы» Халықаралық қауымдастығы» ЗТБ президенті Төлеген Мұхамеджанов, «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад, философия ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті Тышхан Кеңшілік қатысты.

Талқыланған тақырыптар ішінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері, деструктивті ағым өкілдерінің аражігін ажырату әдістері бар.

Елімізде көптеген ұлт пен ұлыстар тұрады. Біз олардың әрқайсысының діні мен мәдениетін құрметтеуіміз керек. Мұсылмандар біздің елімізде Құрбан айт мерекесін атап өтіп жатқанда, христиандар Рождествоны дәл осылай атап өтеді. Бұл біздің конфессияларымыздың бір-біріне деген өзара құрметінің белгісі, - деп атап өтті Төлеген Мұхамеджанов.

Өз кезегінде философия ғылымдарының кандидаты Тышхан Кеңшілік экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылда олардың қауіп-қатерін азайту үшін шешілуі қажет мәселелерді көтерді.

«Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу және олардың қызметіне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, сондай-ақ дін саласында жұмыс істейтін мамандардың сауаттылығын арттыру тұрғысынан өткізілетін семинардың маңыздылығын атап өтті.

Семинар сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды.

Айта кету керек, іс-шара санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы