Елорданың кейбір тұрғындары тіс емдеу қызметін тегін пайдалана алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен брифингте Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Гарифуллин айтты.
Оның айтуынша, 19-23 сәуір аралығында әлеуметтік осал топқа жататын зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылар тегін стоматологиялық қызмет алу үшін мына телефондар бойынша жазыла алады: Алматы ауданы бойынша: 370392, Байқоңыр ауданы: 382245, Есіл ауданы: 313208, Сарыарқа ауданы: 397949. Мобильдік телефондар бойынша ақпартты қалалық әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасынан білуге болады.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл конкурс аясында тегін стоматологиялық қызмет көрсетуді Оқыту-клиникалық орталығы жүзеге асырады.
Бұл әлеуметтік қолдау - қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы көрсететін әлеуметтік осал топтарды қорғау шаралараның бірі.
Ол сонымен қатар қала бойынша әлеуметтік қолдауға ие азаматтарға қандай көмек көрсетілетіні туралы айтып берді.
Қаланың әлеуметтік осал топқа жататын 133 мың тұрғынына мерекелік даталарда бір реттік төлемдер жасалады. 120 мың азамат тегін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болған. Олардың қатарында жоғары оқу орнына түсу, газбен қамту, көмір сатып әперу, тіс емдеу сияқты шаралар бар. Қалада 25 мың көпбалалы ана бар. Оның 19 мың ананың төрттен көп баласы барлар. Өткен жылы тағайындалған арнай мемлекеттік жәрдемақыны 19 мың отбасы алады. Одан бөлек бұл отбасыларға қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдігі, балалар лагеріне жолдама беру, мектепте тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету сынды қолдау шаралары көрсетіледі, - деді ол.
Бахтияр Гарифуллиннің айтуынша, басқарма мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін цифрландыруға көшірді.
Басқарма 19 мемлекеттік қызмет бойынша жұмыс істейді. Жыл басынан 40 мың өтініштің 37 мыңы онлайн берілді. Қызмет көрсетудің онлайн форматы өте түсінікті әрі жеңіл етіп жасалған. Алдағы уақытта қызмет көрсетуді толықтай онлайн форматқа көшіріп, қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз, - деді ол.