Елорданың ерекше муралдары
Елорданы трансформациялау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Нұр-Сұлтанда аулаларды және қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырумен қатар ашық аспан астындағы галереялар пайда болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көше өнері қаланы ажарландырудың маңызды бөлігіне айналады.
Осылайша, белгілі отандық қайраткерлерге арналған жаңа муралдар қаланың әртүрлі аудандарында ашылды. Мысалы, қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының көшбасшысы, ғалым және публицист Әлихан Бөкейханұлының бейнесі Тәуелсіздік даңғылында (Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 38) салынды.
Желтоқсан көшесі, 27 мекенжайындағы үйдің қабырғасына Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен, батырлығымен, мергендігімен есте қалған Әлия Молдағұлованың құрметіне мурал пайда болды.
Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай үйлердің бірінің (М.Жұмабаев көшесі, 16) қасбетіне әншіге арналған мурал қойылды.
Қазақтың талантты әншісі Роза Бағланова ерекше дауысқа ие еді. Осы үшін халық арасында «Қазақтың бұлбұлы» деген атқа ие болды.
Ж.Жирентаев көшесі, 2 мекенжайындағы үйдің қасбетіне композитор, әнұран авторы Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне мурал салынды.
Қараменде би Шақаұлы көшесі, 1 мекенжайындағы үйдің қасбетіне халық әртісі, аты аңызға айналған опера әншісі Ермек Серкебаевтың құрметіне мурал бейнеленді.
Сондай-ақ өзге де жаңа муралдар бар: Бейбітшілік көшесі, 62 – «Күн сөнбесін», Бараев көшесі, 17 – «Жеті қазына», Бейбітшілік көшесі, 52 – «Сырмақ», Мәмбетов көшесі, 30 – «Қала тұрғындары», Сарыарқа даңғылы, 42 – «Бүгін анаңа хабарластың ба?», Ғ. Мүсірепов көшесі, 7 – «Pease» және т.б.
Біз қаламызда көше өнерін әртараптандыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Муралдар қаланы жанды, қызықты және көңілді етеді. Мурал – ашық аспан астындағы галерея. Бұл өте маңызды. Негізінен өнерде және шығармашылықта өз ізін қалдырған батылдық пен ерлік көрсеткен танымал қайраткерлерімізге арнаймыз. Өскелең ұрпақ, жастар батырларымызды білуі және құрметтеуі керек. Сондай-ақ жоспарымызда ғылымға өлшеусіз үлес қосқан Салық Зимановтың, ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің, ғалым Ахмет Байтұрсыновтың, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың, жазушы Әбіш Кекілбаевтың, әнші әрі композитор Батырхан Шүкеновтің, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің және т.б. құрметіне мұралды тұрғызу жоспарда бар, - деді елорда әкімдігі урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.