Елорданың айналасына блокпост орнатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың периметрі бойынша Қарағанды, Қосшы, Көкшетау, Павлодар қалалары, сол сияқты Қорғалжын, Астраханка елдімекендері бағыты бойынша блокпост орнатылды.
Қалаға кіру мен шығуға шектеу қойылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Блокпосттарда құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ тыйым салынған заттардың бар-жоғын анықтау үшін автокөліктерді де тексереді. Азаматтар блокпосттардан тек күндізгі уақытта ғана өте алады.
Коменданттық уақытта – 23:00-ден 07:00 аралығында блокпосттар арқылы тек қаланың азық-түлік қауіпсіздігіне және тыныс-тіршілігіне жауапты тұлғалар мен автокөліктердің кіруіне ғана рұқсат беріледі.
Елордада құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті, сол сияқты қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қалада құқықтық тәртіпті орнату және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жедел штаб жұмыс істейді.
Қала тұрғындарын адам көп жиналатын орындарға бармауға, сондай-ақ балаларыңызға бас-көз болуға шақырамыз. Тұрғындарға сағат 23:00-ден 7:00-ге дейін далаға шығуға тыйым салынады. Барлығы сіздердің қауіпсіздіктеріңізді және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасалуда, - деді елорданың коменданты, Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов.