Елорданың рәміздерін жасау бойынша байқау жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда күнін мерекелеу қарсаңында Нұр-Султан қаласының әкімдігі қала әнұраны, елорда туралы ең үздік ән, Қазақстан астанасының логотипі мен ұранының ең үздік брендбугін жасау бойынша шығармашылық байқау жариялайды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
Бұл байқау жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеу, қаланың үздік рәміздерін жасау, сондай-ақ ұлттық өнерді одан әрі дамыту және оны кеңінен насихаттау мақсатында өткізіледі. Өз жұмыстарын кәсіби және әуесқой композиторлар мен ақындар, музыкалық және шығармашылық топтар, дизайнерлер, суретшілер, сондай-ақ республиканың тұрғындары мен қала тұрғындары жібере алады.
Байқау 2019 жылғы 27 мамырдан 24 маусымға дейін жүргізіледі. Әндер кез-келген жанрда және әртүрлі орындаушылар үшін жазылуы мүмкін.
Байқауға қатысқысы келетіндер Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық даму істері басқармасына 2019 жылдың 24 маусымынан кешіктірмей мына материалдарды тапсырулары керек: 1. Толтырылған өтінім. 2. CD-форматында алдын-ала таңдау үшін жұмыстың аудио жазбасы. 3. Бренд кітапшасының эскиздері (нобай A4, A3 қағазының қалың парағына жазылуы керек) 4. Шығармашылықты сипаттайтын түсіндірме жазба.
Байқауға бағытталған әндер бұрын жарияланбауы керек және республиканың астанасына жоғары руханилық, отансүйгіштік, махаббат пен мақтаныш идеяларын ұстануы керек. Қазылар алқасы белгілі композиторлардан, ақындардан, суретшілерден, дизайнерлерден және ұйымдастыру комитетінің мүшелерінен тұрады.
Әрбір байқаудың жеңімпазы дипломмен және 3 000 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталады. Құжаттар келесі мекен-жай бойынша қабылданады: Бейбітшілік көшесі, 11, 535 кеңсе, тел .: 55-67-19.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Нығматулин Словакия елшісін қабылдады
Өзгелердің жаңалығы