Елорданың үздік азаншысы анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әл-Ғани» мешітінде елорда өкілдігі бойынша азаншылар байқауы өтті.
IV Республикалық азаншылар сайысының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша іріктеу кезеңіне 10-ға жуық үміткер қатысып, әділқазылар мен жамағат алдында өз қабілеттерін паш етті.
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Республикалық Қарилар даярлау орталығының директоры Сәдуақас Олжабайұлы және Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов аталмыш сайысқа қазылық жасап, үміткерлердің дауыс ырғағы мен қырағатына, жеткізу мәнеріне қарай үздігін анықтауға тырысты.
Сондай-ақ, қатысушылардың азан дұғасын айтуы мен тарихына қатысты білімдері де қатар тексеріліп отырды.
Сайыс нәтижесі бойынша «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Ерлан Базарбайұлы І-орын иеленіп, жақында болатын «Әдемі әуезді азаншы» IV Республикалық азаншылар сайысына жолдама берілді. Іріктеу байқауының ІІ және ІІІ орындары «Әл-Ғани» мешітінің азаншысы Абдулбасит Қадыршаев пен «Раиса ана» мешітінің азаншысы Әбдуәли Әбжановқа бұйырды.