Елорданың медициналық қоғамдастығы МӘМС бойынша семинар өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Наркология және психотерапия орталығында  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша медициналық қызметкерлерге арналған оқыту семинары өтті.

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланды. 

Қазақстан Республикасы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізуге дайындық бойынша толық ауқымды жұмыстар істеліп жатыр. 

Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС коммуникациялар жөніндегі Жобалық кеңсемен және Success К стратегиялық коммуникация агенттігімен бірлесіп, халық арасында МӘМС сүйемелдеу-кешенді медиалық және PR-ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізуде. 

Бекітілген коммуникациялық жоспарға сәйкес Наркология және психотерапия орталығында қызметкерлерге арналған оқыту семинары өтті.  Ақ халаттылар кәсіби бапкерлерден сабақ алып, өзінің негізгі жұмыс орны бойынша басқа медициналық қызметкерлерді каскадтық әдіспен оқытатын болады. 

Семинарға "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы, "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" ШЖҚ РМК Астана қалалық филиалы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, тыңдаушы ретінде 175 медициналық қызметкер қатысты.  

Ұйымдастырушылар МӘМС негізгі бағыттарын, жеңілдік санаты, ТМККК және МӘМС пакеттерінің мазмұны туралы және басқа да мәселелер жайлы айтты. Сондай-ақ, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезде туындайтын проблемалық мәселелер талқыланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы