Елордалықтардың МӘМС жүйесіне 5 жылда қанша қаражат аударғаны белгілі болды
Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бүгінгі таңда қор тарапынан Астана қаласы бойынша 118 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасалған.
Оның 81-і – жекеменшік клиникалар, 37-сі мемлекеттік медицина ұйымдары, 6-ы – республикалық. Жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. МӘМС жарналары мен аударымдары Астана қаласы бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден 2022 жылғы 1 қарашаға дейінгі кезеңде шамамен 157,8 млрд теңгені құрайды. 2022 жылдың қаңтардан қарашаға дейінгі аралықта елордада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін 54,059 млрд теңгеден астам қаражат аударылды. Оның 30,1 млрд теңгесі жұмыс берушілердің аударымдарына, ал 20,2 млрд теңгесі қызметкерлердің жарналарына тиесілі, - деп атап өтті филиал басшысы.
Белгілі болғандай, бірыңғай жиынтық төлем сомасы шамамен 108 млн теңгеге тең. Жеке кәсіпкерлердің жарналары 2,05 млрд теңгені, дербес төлеушілердің жарналары – 469 млрд теңгені, азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлердің жарналары 1,03 млрд теңгені құрап отыр.
Аймақтық бөлікте қарастырсақ, Астана қаласындағы жекеменшік медициналық қызмет жеткізушілер үлесі – 68,7%. Сатып алу жоспары бойынша 2022 жылы елордада медициналық көмек көрсетуге: ТМККК аясында - 115,2 млрд теңге, МӘМС жүйесінде - 107,0 млрд теңге бөлінген. 2022 жылдың 30 қарашасындағы жағдай бойынша нақты орындалған медициналық қызметтер ТМККК аясында 83,7 млрд теңгені құрады, ал МӘМС жүйесі бойынша төлемге 82,8 млрд теңге қабылданды, - деді Нұрлыбек Қабдықапаров