Елордалықтар Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, 9 мамыр - Жеңіс күні.  Қастерлі соғыстың аяқталғанына 77 жыл толды.

Мереке қарсаңында елордада Рақымжан Қошқарбаевтың монументіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы мәслихат депутаты Сергей Шукшин, Ішкі саясат басқармашысының басшысы Дәурен Бабамұратов және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Салтанатты іс-шара кезінде бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Барлық қазақстандықты бүгінгі тарихи мереке Жеңіс күнімен құттықтағым келеді. Бұл күн біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Әр қазақстандық, әр отбасы осы соғыстың қайғы-қасіретін сезініп, ұлы Жеңісті мақтан тұтады деп ойлаймын. Бүгін соғыста өмірін қиып, ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған батырларымызды еске алу мақсатында гүл шоқтарын қою акциясына қатысып жатырмыз. Рақымжан Қошқарбаев - Рейхтагқа ту тіккен біздің мақтанышымыз, - мәслихат депутаты Сергей Шукшин.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармашысының басшысы Дәурен Бабамұратов та қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.

Биыл Жеңістің 77 жылдығы. Бүгін елордада мерекеге орай барлық ескерткішке гүл шоқтарын қою, батырларға тағзым ету рәсімі өтіп жатыр. Азаматтар, қала тұрғындары, жастар ескерткіштерге келіп, батырларымызға тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алып жатыр. Ер есімі - ел есінде. Батырларымыздың ерліктері ешқашан ұмыт қалмайды. Мұндай іс-шаралардың тәрбиелік мәні өте зор. Сол себепті Жеңіс күніне орай 5 мамырдан бастап елордада «Жеңіс» ленталарын таратуды бастадық. Осылайша 3 күннің ішінде 40 мыңнан аса лента таратылды, - деді Дәурен Бабамұратов.

Оның сөзінше, елордада оқушылар мен студенттердің арасында батырлардың ерліктерін еске алу мақсатында түрлі іс-шаралар өтті. Сонымен қатар бүгін астанада мерелік отшашу ұйымдастырылады.


Рақымжан Қошқарбаев - Берлиндегі Рейхстагта жерлесіміз Григорий Булатовпен бірге қызыл туды алғашқы болып тіккен Ұлы Отан соғысының офицері. Бұл тарихи оқиға 1945 жылдың 30 сәуірінде болды. Осы ерлігімен қазақтың айбынды және ержүрек азаматы Ұлы Отан соғысының тарихына енді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы