Елордалық жасөспірімдер 8 алтын жүзікті ұрлап кетті
Елордада кәмелетке толмағандар ұрлық жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бөтеннің мүлкін жасырын ұрлады деген күдікпен екі жасөспірімді анықтады. Тергеу барысында белгілі болғаны, олар күнделікті сабақтан кейін, сыныптасының үйіне ойын ойнауға барып отырған.
Күндізгі уақытта ата-аналары жұмыста болғандықтан, жасөспірімдер үлкендердің қарауынсыз болып, үйде емін-еркін жүрген. Кішкентай қожайынның көзін ала беріп, екі жасөспірім жатын бөлмесінде орналасқан сөренің ішіндегі қорапшадан алтын бұйымдарды ұрлаған. Жымысқы әрекеттерін бірнеше күн бойына қайталаған.
Жалпы саны 8 алтын жүзік пен алқаны қолды қылып, арызданушыға 600 мың теңгенің көлемінде шығын келтірген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Кәмелетке толмаған балалар заңды өкілдеріне тапсырылып, екеуін де ювеналды полиция қызметкерлері ерекше бақылауға алды. ҚР ҚПК-нің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.