Елордалық волонтерлар жалғызбасты ананың қар басқан үйін тазалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл қардың мұнша көп түсуі қар аршу ісінің машақатын арттырып отыр. Бас шаһардың Сарыарқа ауданындағы жер үйде тұратын жалғызбасты ана Маржан Ахметжанова аудандық әкімдікке қалың қар басып қалған ауласын тазалап беруін өтініп, көмек сұраған екен. Арада тұп-тура 11 минут өткенде "келіп, тазалап береміз" деген жауап келген. Осылайша, бүгін елордалық еріктілер әкімдіктің қолдауымен астаналық тұрғынның үйін үйіліп қалған қардан аршып берді. 


Елордалық тұрғын Маржан Ахметжанова аудан әкімі Ерғали Егембердіге хат жазған. Бірден жауап алғанына өте қуанышты екенін сөзбен айтып жеткізе алмай отыр. Оның екі баласы бар, үлкені – 11 жаста, кенжесі – 3 жаста.

"Біз біргеміз" акциясы аясында мен сияқты жалғызбасты аналарға қол ұшын беріп жатқанына разымын. Маған ғана емес, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесіп жатыр. Мені таңғалдырғаны – өте жылдам жауап берді. Мен Сарыарқа аудандық әкімдігіне қар басып қалған ауламды тазалап беруін сұрап хат жаздым, маған арада тұп-тура 11 минут өткенде бірден жауап беріп, келіп көмектесетіндерін хабарлады. 60-қа толған қарт анам бар. Осыған дейін өзіміз тазалап келдік. Ерғали Қуандықұлына және волонтерларға шексіз алғысымды білдіремін. Әуелде өз құлағыма өзім сенбей қалдым, - деп таңданысын жасырмады 34 жастағы астаналық тұрғын. 


Өзі балабақшада тәрбиеші болып қызмет етеді. Мүмкіндігі шектелген балаларды түзету-дамыту жұмыстарына арналған Монтессори әдісі бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазған. 

Шынын айту керек, алдағы күндері күн жылынып кетсе, мынау үйіліп қалған қар еріп, үйімізді су басып кетеді деп қатты қорықтық. Бұл үлкен проблема болар еді. Бізді жалғыз қалдырмай, мұқтаж екенімізді көріп, жедел әрекет еткені үшін алғысымды айтамын, - дейді астаналық тұрғын Маржан Ахметжанова.

Бүгін қар құрсауында қалған үйді тазалап беруге "Біз волонтер боламыз" "жақсылық жасағымыз келеді" деген ниетпен 20-дан астам қыз-жігіттер келген. Олар оқудан немесе үй шаруашылығынан тыс бос уақыттарында өздері келеуге ұмтылады екен. 


Елордада қаңтар айынан бастап, 200 мекенжай бойынша 48 мың текше метр қар осындай белсенді еріктілердің көмегімен тазаланған.

Бүгін "Біз біргеміз" акциясының аясында қолында әжесі, яғни қарт анасы бар жалғызбасты ананың ауласын келіп қардан тазалап беріп жатырмыз. Өзіңіз білесіз, Нұр-Сұлтан қаласында қар биыл өте көп жауды. Сондықтан жастар ресурстық орталығының волонтерлары қаңтар айының басында осындай игі іс бастадық. Біздің бастаманы Тұрсынбек Қабатов, Айгүл Иманбаева, Асхат Садырбай, Әділ Ахметов сияқты жұлдыздарымыз қолдап, әлеуметтік желіде де өте жақсы таратты, - дейді "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Ақерке Ақтай.


Бүгінге дейін "Біз біргеміз" акциясы аясында 200-дей көмекті қажет ететін қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы аналар және жалғызбасты аналарға арнайы көмек көрсетілген екен. 

"Еріктілер жылы" аясында бұл қайырымдылық шарасына 50 мыңдай адам жұмылдырылды. Оның бәрі өз еркімен. Жылдам әрі тез әрекет ететін елордалық жастар өте көп. Біз арнайы волонтерлар штабы құрдық. Белсенді жастардың бастамасымен іске асырып отырмыз, - деп айтты Ақерке Ақтай. 

Оның айтуынша, еріктілер арасында қыздар да, жігіттер де бар. Ерікті болу үшін жас ерекшелігіне байланысты шектеу жоқ. 


Айта кеткен жөн, ерікті болғысы келетіндер, игі істерге қатысамын деушілер елордадағы "Астана жастары" ресурстық орталығына барып тіркеле алады. 
Осындай елордалық еріктілердің бірі – "Асу" гуманитарлық-техникалық колледжінің 1-курс студенті Жасұлан Камалов. 

Мен осы акцияға қатысып, әлеуметтік көмекті қажет ететін жандарға өз еркіммен уақытымды бөліп көмектесіп жатырмын. Мейірімділік таныту арқылы өз үлесімді қосып жатырмын. Бұл туралы мен ресурстық орталықтың басшылығынан естіп білдім. Әрі қарай да көмектесіп, қол ұшын беруге әзірмін. Президенттің биылғы жылды "Еріктілер жылы" деп атағанына қуаныштымын. Себебі, бұл біздерді гуманизим мен еңбекқорлыққа тәрбиелейді, - дейді 17 жастағы студент Жасұлан Камалов. 


Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды "Еріктілер жылы»"деп жариялады. Басты мақсат - ерікті қызметке азаматтарды, әсіресе, жастарды тарта отырып, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру болып отыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы