Елордалық теннисшілер Тәжікстанда өткен турнирде жеңіс тұғырынан көрінді
Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында теннистен «Президент кубогы» халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Халықаралық аренада алғаш рет өнер көрсеткен Астана қалалық спорт басқармасына қарасты «Дәулет» теннис орталығының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл жарыс әлемнің түкпір-түкпірінен талантты теннисшілердің басын қосып, шабыт пен спорттық атақтар үшін бәсекенің орнына айналды.
Жас және өршіл спортшылар шеберліктерін көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.
Атап айтқанда, астаналық Аделина Маманфина өзінің төзімділігімен және дарындылығымен таң қалдырып, жекелей сында бірінші орын иегері атанды.
Сондай-ақ тағы бір жерлесіміз Айша Сайран жекелей сында өзінің қабілетін көрсетіп, жүлделі үшінші орынға ие болды.
Осылайша, қос елордалық арулар жұптық сайыста да бірінші орынды иеленді.
Ал жұптық сайыста басқа елдің спортшысымен өнер көрсеткен елордалық Даниал Шалхымбаев үздіктер қатарынан көрінді.
«Жұптық сайыста да, жекелей сында да қыздарымыз керемет өнер көрсетті. Сонымен қатар, өзінің тамаша шеберлігін жұптық сайыста көрсеткен Даниал бірінші орынды иеленді. Бұл нәтижелер жас теннисшілердің таланты мен табандылығын, сондай-ақ қалалық «Дәулет» теннис орталығындағы спортшылардың дайындығы жоғары екенін көрсетеді.Душанбедегі үлкен теннистен «Президент кубогы» халықаралық турнирі біз үшін алдымен тәжірибе алмасу, жаңа спорттық байланыстарды орнату орны болды. Біз спортшыларымыздың жетістігін мақтан тұтамыз және бұл теннис әлеміндегі жолының басы ғана екеніне сенімдіміз», - деді Астана қаласының жаттықтырушысы Галина Бородина.