Елордалық құтқарушылар пешті қауіпсіз қолдану ережелерін еске салды

Астана қаласының Сарыарқа ауданында Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мақсатында профилактикалық рейд өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Ғабит Бабаевтың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – жылыту маусымында өрт пен көмірқышқыл газынан улану қаупін азайту.

Өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде орын алады. Жылыту маусымы – ең қауіпті кезең. Сондықтан біз тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын тұрақты түрде түсіндіреміз. Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатылады. Бүгін екі құрылғы қойылды, – деді ол.

Рейд барысында құтқарушылар пешті қауіпсіз пайдалану ережелерін де еске салды. Пештің техникалық жағдайын алдын ала тексеру, кірпіштерінде жарық пен саңылаудың болмауы, мұржада тарту күшінің жақсы болуы маңызды. Түтін шығатын жолдар қабырғалар мен қабатаралық жабындардың тұтануына жол бермейтіндей етіп жасалуы тиіс.

Сондай-ақ пешті қатты қызып кетпеуі үшін оны күніне бірнеше рет жаққан жөн. От жағу кезінде жанғыш сұйықтықтарды қолдануға болмайды. Жанып тұрған пешті қараусыз қалдыруға және балаларға пеш жағуға рұқсат етілмейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы