Астанада құтқарушыларға пәтер кілттері табысталды
Пәтерлер Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы, «Қазавиақұтқару» қызметі және Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне берілді.
Астанада Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Іс-шара Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты жиында Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
«Мемлекет басшысының атынан азаматтарымыздың қауіпсіздігі жолындағы кәсібиліктеріңіз, ерліктеріңіз бен күнделікті еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Мемлекет азаматтық қорғау жүйесінің әрбір қызметкерінің үлесін жоғары бағалайды және құтқарушылар мен олардың отбасыларын қолдау жұмыстарын жалғастыра береді», – деді министр.
Пәтерлер Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті, ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы, «Қазавиақұтқару» қызметі және Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне берілді.
Министрлік бұл бастама төтенше жағдайлардың алдын алу мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген мамандарға көрсетілген қолдау мен құрметтің белгісі екенін атап өтті.