Елордалық прокуратура есірткімен күрес туралы айтты
Астана прокуратурасы есірткі бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде тұрақты негізде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Әлихан Құснединов қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Есірткі заттарының заңсыз айналымы проблемасы қоғамның қауіпсіздігіне төнген қауіптердің бірі болып қала береді және прокуратураның күш-жігері бұл мәселенің алдын алуға және жолын кесуге бағытталған.
Биыл прокуратура мен ҰҚКД бірлескен жұмысының арқасында төрт есірткі зертханасының қызметін анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік туды, 120 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, қазіргі уақытта Қылмыстық Кодекстің 297-бабы бойынша қылмыстық істер тергелуде (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу, олардың аналогтары), - деді спикер.
Сонымен қатар есірткінің таралуын шектеу үшін Telegram арналарын бұғаттау бойынша шаралар қабылдануда.
Жыл басынан бері прокуратура тыйым салынған заттардың таралуына қатысы бар 363 Telegram-арнаны бұғаттау жөнінде шаралар қабылдады.
Сондай-ақ ведомство есірткінің көрнекі жарнамасын жою үшін белсенді жұмыс істейді: есірткі жарнамасы бар 1 383 граффити боялған.
Бұдан басқа, прокуратураны үйлестіру кезінде Қылмыстық кодекстің 299-1-бабының 1-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша құрамында есірткі жарнамасы бар граффити салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Астана қаласының прокуратурасы барлық тұрғындарды бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырады.